21 қаз, 2019 сағат 06:43

Елена Рыбакина үздік қырық теннисшінің қатарына енді

Қазақстандық Елена Рыбакина үздік қырық теннисшінің қатарына енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 20 жасар теннисші 43-тен 37-орынға көтерілді.

Бұған Рыбакинаның Люксембургте табысты өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетуі мүмкіндік берді.

Биыл қарқынын үдете түскен Елена рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваға жақындап келеді. Ю.Путинцева 34-сатыда тұр.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс 78-ден 79-ға сырғыды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Люксембург турнирінің финалына шыға алмағанын, ал А.Бубликтің Венада негізгі жарысқа өтпегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, осы аптада қазақстандық Михаил Кукушкин Вена додасында өнер көрсетеді. Ол алғашқы айналымда хорватиялық Борна Чоричпен күш сынасады.