19 қаз, 2018 сағат 14:17

Электронды сауда жыл сайын 30 пайызға артуда – Сакен Сарсенов


Еліміздегі е-коммерция жыл сайын 30 пайызға артып келеді. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сакен Сарсенов өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Қазақстанның элекрондық сауда бойынша үлкен болашағы бар. Жыл санап 30 пайызға өсіп отыратын саланың бірі – онлайн сауда. Бұл сала арқылы қомақты қаражат табуға мүмкіндік бар. Шынайы мысал ретінде айтсам, біздің Олжас Нұралдинов деген тұтынушымыз өзінің компаниясын 2013 жылы ашқан болатын. Ол кезде ол серіктесімен бірге жұмыс істейтін. Сол уақытта олар жылына 15 мың жөнелтім жіберетін. Соңғы жылы аталған компаниядағы штат саны 210-нан 360 қызметкерге дейін жетті. Қазіргі ай сайынғы айналымдары – 150 млн. теңгені құрап отыр. Ал бүгінде олар жылына миллионға жуық тауар жөнелтеді», – деді С. Сарсенов.

Сондай-ақ, ол электрондық сауданы дамыту үшін жақында Астана маңындағы Қарағанды-Астана тас жолында фулфилмент орталығының ашылуын айтты.

«Бұл орталық арқылы интернет-дүкен иесі қызметтердің толық циклін ала алады (тауарды қабылдау, сақтау, жөнелту). Бұған қоса, ол тауарын қоймаларға сақтау кезінде үнемділікке қол жеткізіп, байланыс орталықтарының қызметін, логистикалық және персоналдық қызметтерді жеделдете алады. Ең бастысы – тұтынушыларға тауары уақтылы жеткізілмек», – дейді ол.

Елордалық орталықта бүгінгі таңда 20 интернет-дүкенге қызмет көрсетіледі екен. Осыған сәйкес, 600 мың тауар түрі қоймада сақтаулы тұр. Жылдың басынан бері мұнда 700 мыңнан астам тауар сақталып, тұтынушыларға жеткізілген.

Айта кетерлігі, аталмыш орталық мемлекетіміздегі электрондық сауданың өркендеп, бизнестің дамуына ықпал етеді.

«Фулфилмент орталығының негізінде интернет бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің ісі дамитын болады. Бұл орталық кәсіп иелеріне көптеген қызмет түрлерін ұсынады. Мәселен, тауарды жинақтау, сұрыптау, тауарды жөнелту, IT-мамандардың қызметтерін көрсетеді», – деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі еліміздегі е-коммерцияны дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып жатыр.  Электрондық сауданы алға жылжытуға арналған мемлекеттік бағдарлама да бар. 1-ші қаңтардан бастап кәсіпкерлер төлемді онлайн формат арқылы жүзеге асыратын болады. Мұның өзі интернет-дүкен иелері үшін айтарлықтай көмек.