15 мам, 2018 сағат 16:14

Елбасы Батыс Қазақстандағы жиһаз, ет өнімі және құрал-жабдық өндірісімен танысты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Орал қаласында "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" АҚ-на барып, көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісімен танысты.

Бұдан бөлек, Елбасы тауық етін өндіруге және дайындауға маманданған "Жайық Агро LTD" ЖШС-нің тамақ кәсіпорны жұмысымен танысты. 

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа "Мясодел" және "Кублей" брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары туралы баяндалды. 

Орал қаласында мемлекет басшысы "Квант" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жиһаз фабрикасына барған. Қазақстан президентіне кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.

Фабриканы аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде мәлімет берілді.