20 мау, 2017 сағат 06:07

Дінбұзарлар басты назарда

Ел болып еңсе көтеріп, ұлт пен ұлыстың басын қосып, жөні оң жұрт болуға тырысып келе жатқанымызға міне, 25 жылдан асты. Азаттықтың әуелгі жылдарында халықтың жағдайы шалақұрсақ кейіпте болса, бүгінде бұқара  жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде.

Тұнығы таза бірлігіміз бен ынтымақтастығымыздың шырқын қашырғысы келетін, атынан ат үркитін радикалды діни ағымдар мен топтар қоғам арасында жүр. Қатарлары көбейіп өршіп те бара жатыр еді, абырой болғанда, атқамінер азаматтар мен билік өкілдері аталмыш жағдайды дер кезінде қолға алып, тиісінше шешім қабылдап, оны жүзеге асыруға кірісті.

Бір ғана біздің облысымыздың өзінде дін келеңсіздіктерімен Ішкі істер департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы мен облыстық прокуратура айналысуда, тіпті бұл бағытта мешіт имамдары да аянып жатқан жоқ. Десе де, ескі даудың дауылы сейілер емес. Теріс ағымға бет бұрып, дінді фанаттық деңгейде ұстанып, азаматтар арасында алауыздық туғызатын идеологияны ұстанушылар әлі де бар.

Баршаға айдан анық болып тұрған ақиқатты айныған деп бөсіп жүргендердің дені жастар, олар дін мамандары тарапынан айтылған кеңес пен ақпараттарды жоққа шығарып, теолог дінтанушылардың бәрін бидғатшы(дінде жаңалық ашушы), мұнафық(екіжүзді) деп жөн-жосықсыз айыптауға көшкен. Жасыратыны жоқ, елге зияны бар көптеген теріс діни ағымдар ислам дінінің негізінде өрбіп отыр, себебі, халық санының негізгі бөлігі мұсылмандар. Жат ағымның жетегіндегі жандардың көбі заңға толық бағынбайды, заңды діни бірлестік ұсынған бағытты ұстанбайды, көкірек жанарлары көр, құлағы бітеу, басты мақсаттары бүлік шығару. Әрине, олар өздерінің ұстанымдарын ақиқатқа балап, талас-тартыс жасағысы келетіндігінен бейсана кейіпте, өздерінің әрекеттеріне жауап бере алмайды.

Сырт бейнесі қоғамға жат, төл дәстүрі мен салт-санасын шетке ысырып тастаған, көзқарасы белгілі бір деңгейде шектелген, рухани құлдырауға айналған азаматтармен бүгінде Жамбыл облысы әкімдігі Оңалту орталығының қызметкерлері айналысып келе жатыр. 2016 жылдың қазанында құрылған бұл Орталық жат ағымның жетегінде кеткендер және сол ағымнан зардап шеккендермен тікелей, әрі, кешенді түрде жұмыс жасайды. Сондай ақ, мекеменің еншісіне жалпылама ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу де кіреді.  Десек те, негізгі қызмет діни көзқарасы бұрыс бар азаматтармен жеке сұхбат жүргізу, ағымын анықтап, дәстүрлі дінді түсіндіру. Оларды өздерінің көптеп шоғырланатын жерлерінен(өндіріс орындары, мешіттер) тауып, тиісінше заң шеңберінен ауытқымай сұхбат өткізіліп, мекеме инспекторлары тарапынан бақылауға алынады. Орталық құрамында дінтанушы, теолог және психолог мамандары бар. Жеке кездесулер азаматтардың діни көзқарасының деңгейіне қарай жүйелі түрде жүргізіледі. Облыс көлеміндегі әр-бір діні бұрмаланғандар және дінінің міні шығып опық жегендер «Оңалту орталығының» басты назарында!

Тектілерден қалған теңдессіз салт-санамыз бен қойнауы қорға бай кең байтақ даламыз қазірде сол жерді басып жүргендерге аманат екені анық. Ежелден келе жатқан дәріптелетін дәстүріміз бен ұстанатұғын ата дініміздің мұртын бұзбай келешек ұрпаққа қалдыру да біздің міндетіміз. Осындай ұлы мақсаттарға жету жолында, ел тұтастығы мен ішкі бірлігін сақтап қалу барысында «Оңалту орталығының» алдағы уақытта қосар үлесі теңіздейін телегей болмақ. Ендігі сәтте соқпақ жолды таңдадым деп тоқпаққа жақын жүргендерді, әмірі жетсе сойыл ұстап, содырға айналуға дайын тұрғандардың санасын сергітіп қалыпты қоғам қатарына қайтару басты парыз!..

Жамбыл облысы әкімдігі
«Оңалту орталығы» КММ-нің
инспектор–психологі

Б.Тілеухан

Ұлт порталы