25 мам, 2018 сағат 10:24

Димаш Құдайбергеннің отбасы "Мерейлі отбасы" байқауын жеңіп алды

Димаш Құдайбергеннің отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болды. Өңірлік кезеңнің қатысушылары 24 мамыр, бейсенбі күні Ақтөбеде салтанатты түрде марапатталды.

Айта кетейік, Ақтөбеде байқаудың танымалдылығы мен беделі күн сайын өсіп келеді. Биыл облыстағы 148 елді мекеннен 500-ден аса отбасы қатысуға өтініш берді.

Екі айналымның қорытындысы бойынша гран-при иегері Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамутдинованың отбасы атанды.

Елу жыл отасқан жұбайлар бір ұл мен екі қызды, сонымен қатар, тоғыз немерені тәрбиеледі. Солардың бірі – әлемге әйгілі бірегей вокалист Димаш Құдайбергенов. Айтбаевтар әулетіне байқауға қатысып, жеңімпаз атанғандары үшін алғыс хат пен шипажайға жолдама берілді. Бұдан басқа, байқаудың облыстық турынан өткен тағы 27 жанұя алғыс хаттармен және тұрмыстық техникалармен марапатталды. Сонымен қатар, жүлделі орындарға ие болған Қобда ауданынан келген Сүлейменовтер отбасына, Ырғыз ауданынан Нұрмановтарға, Байғанин ауданынан Көрпебаевтарға және Қарғалы ауданынан Прыймак жанұясына тұрмыстық техникалар тарту етілді.


Жеңімпаздарды облыс әімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

- Ұйымдастырушылардың атынан барлық 506 отбасыға қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Отбасы - мемлекетті құратын қоғамның бөлшегі. Егер отбасында бірлік, жақсы тәрбие, білім, мәдениет, отанына деген сүйіспеншілік болса, тұтас мемлекет те сондай болады. Әрине, Қазақстанның жетістігі, ең алдымен, әрбір қазақстандық отбасының еңбегі. Сондықтан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық отбасылардың өркендеуін, әрбір отбасы мүшелерінің лайықты білім алуға, шығармашылық пен спортпен шұғылдануға, дені сау және бақытты болуын қамтамасыз ету үшін барлығын жасауда, - деді облыс басшысы.


Ол Айтбаевтарға отбасылар күнімен сәйкес келетін конкурстың соңғы республикалық кезеңіне жеңіс тіледі.

Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» байқауы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылды. Негізгі мақсат - моральдық құндылықтардың жаңаруы, мәртебені көтеру және отбасы мен некеге деген оң имиджді қалыптастыру.


Республикалық жарыстың бесжылдық тарихында Ақтөбе халқы бір рет абсолютті жеңімпаз атанды. 2016 жылы Қазақстан бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Абдулла мен Алила Нұсқабаевтың көп балалы  отбасы үздік деп танылды.