27 нау, 2017 сағат 18:03

Димаш Құдайберген Азияның ең танымал әншісі атанды (Видео)

24-ші «China Top music Awards» шарасында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Азияның ең танымал әншісі» (Best Asia popularsinger) атағын жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Азиялық Гремми" аталып кеткен сыйлықты табыстау шарасы Шанхай қаласында орналасқан Mercedes Benz Arena-сында өтті.

Марапаттау рәсімінде Димаш өзінің әлемге танымал болуына себепкер болған SOS d'un terrien en détresse әнін орындады. Бұл әнді қазақстандық әнші "I am a Singer" байқауының бірінші кезеңінде орындаған болатын. 


Марапаттау кезінде Димаш Құдайберген көрермендерге қазақ тілінде алғыс айтты. «Ассалаумағалейкүм, құрметті әлеумет! Өте қатты қуаныштымын. Бұл менің шет елдегі ең алғашқы үлкен сыйлығым. Ең алдымен, өзімнің ата-анама және де жан досыма көп рақмет айтамын, мені қолдап-демеу болып жүргендері үшін. Сонымен қатар, менің бағымды ашып, әлемге танытып жатқан «Singer» жобасына алғыс айтамын! Менің қолдап жүретін барша тыңдармандарыма рақмет айтқым келеді! Бар болыңыздар, аман болыңыздар! Бұл тек бастамасы ғана», - деді ол.


«China Top music Awards» - 1994 жылдан бері Азия елдеріндегі ең танымал әншілердің басын қосатын үлкен мерекелік шара. Бұл күнде ол Қытай музыкалық қоғамдастығындағы ең айтулы оқиғалардың бірі саналады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Димаш шараның қызыл кілемінен өтіп, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленгені туралы хабарлаған болатынбыз.

Отандасымыз қатысып жатқан жобасының 10-турында "Ұмытылмас күн" атты әнді қазақ және қытай тілдерінде орындап, байқаудың финалына шыққан-тын.