20 шіл, 2018 сағат 08:51

Денис Тенді неге жақын маңдағы ауруханаға жеткізбеген?

Қазақстан денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаева ауыр жарақат алған Денис Тенді неге жақын маңдағы Орталық клиникалық ауруханаға жеткізбегенін түсіндірді.

Бұдан бұрын қазақстандықтарды "Тен шабуыл болған жерге жақын орналасқан Министрлер кеңесінің (Совминовская) ауруханасына неге жатқызылмады?" деген сұрақ мазалаған еді.

"Алматы денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, шұғыл хирургиялық бөлім Орталық қалалық клиникалық ауруханасында орналасқан. Сол себепті, Орталық клиникалық ауруханада(Совминовская) шұғыл хирургиялық бөлім болмағандықтан, науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді", — деді Ақтаева жұма күні тілшілерге.

Ол атап өткендей, науқасты тасымалдау кезінде тиісті жансақтау шаралары толығымен атқарылған.

"Бұл – уақыт факторы. Қабылдау бөлімі аптасына 7 күн 24 сағат істейтін стационарға жеткізу керек болатын", — дейді вице-министр.

Денис Тен Алматыда 25 жасында көз жұмды. Түстен кейін үш кезінде Байсейітов және Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы мейрамханадан шыққан ол көлігінің айнасын шешіп алғалы жатқан екі жігітті көреді. Оларды тоқтатуға ұмтылған Денис Тен жамбасынан пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады, 3 литр қан жоғалтқан Денис 17.30-да ауруханада жан тапсырды.

sputniknews.kz