14 ақп, 2017 сағат 11:21

Дәстүрлі әннің дүлділі дүбірлі кеш өткізді


Семейдің Абай атындағы қазақ мелекеттік музыкалық-драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақтың дәстүрлі әндерінде қайталанбас қолтаңбасы бар талантты әнші Рамазан Стамғазиев пен оның өнердегі де, өмірдегі де жарасым тапқан жары, "Құрмет" орденінің иегері Ұлту Қабаева семейліктерді ғажайып әсерге бөлеген шығармашылық концертін берді. Кеш барысында көрермен ойында қалған ерекше сәттер де көп болғанын атап өткен жөн. Айталық, Ұлту әншінің концерт берген күні өзінің туған күнімен дөп келіп, семейліктер қуана қол соғып, тілектестігін білдірді. Ерлі-зайыпты өнер жұлдыздарының концертіне қолдау білдірген "АҚШЫҢ" корпорациясының президенті, белгілі меценат Марат Құрманбай сахна төріне көтеріліп, әншіге ізгі тілегін білдірді.

Өз кезегінде көңілі алабұртып ғажайып әсерде тұрған Ұлту әнші көрермендер арасында ақ жаулығын жамылын,шуақты жүзінен мейірім шашып отырған асыл ана Рыстыжамал Исеханқызын да 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, тамаша ән арнады. Сондай-ақ жас талантты әнші, көптеген ән байқауларында топ жарған Ақжан Құрманбай атты дарынды қыздың да салған әні бой шымырлатты. Үкілі бөрік, оюлы қамзолы, ұзынетек ақ көйлегімен тамаша үйлесім тапқан жас әнші жерлесіміз қазіргі күнде Қарақат Әбілдинаның мектебінде тәлім алып жүр.

Расы керек, семейліктер Рамазандай дәстүрлі әннің дүлдүлін сағынып қалыпты. Жолы түсіп келген сайын Семейді қазақ ән өнерінің алтын бесігі деп қастерлейтінін үнемі айтатын әнші талантты сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың «Әнің қайда, Жәнібек?» әнін орындағанда қазақ өнеріндегі екі тұлғаның да (Жәнібек Кәрменов, Тұрсынғазы Рахимов) бейнесі сағымдай бұлдырап, сағынышты үдетті. Ал «Дариға-ай, дәуренді» шырқағанда көңілі толқымаған көрермен кемде-кем болғанына күмән жоқ.

Ананы ардақтап, үлкенді құрметтеп, Семейді қастерлеген ән жұлдыздарына қалалық Мәдениет Сарайының директоры, әнші Нұриден Иманбаев пен концерт жүргізушісі Олжас Соғымбаев ұлттық өнерге шөліркеген жұртшылық атынан тілектестік білдіріп, арнайы кәделерін табыс етті.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Семей қаласы

Ұлт порталы