14 ақп, 2019 сағат 13:04

Данэлияның әні шетелдік қазылардың көңілін босатты (Видео)

Қазақстанның жас әншісі Данэлия Төлешова The World's Вest дарындылар шоуында америкалық Andra Day есімді әншінің Rise up әнін орындады, деп жазады Sputnik агенттігі.

Данэлия CBS арнасында Астана уақытымен 10.00 кезінде тікелей эфирде өнер көрсетті, қазір видеосы YouTube желісінде бар.

Жас әнші әділ қазылар алдына қысқа көк көйлек пен бәтеңке киіп, шашын жайып шыққан. Қазылар алқасын талдырмаш қыздың ерекше күшке ие дауысы таңғалдырды. Мәселен, актер Ру Пол Данэлияның тамылжыта орындаған әнін тыңдаған кезде де тамсанғанын жасырмай, сөз кезегі Данэлияберілгенде бүлдіршіннің дауысын естіп бойы тітіркеніп кеткенін айтты, орындауына өте жоғары бағасын берді.

Танымал голливудтық актриса Дрю Бэрримор тіпті көзіне жас алған екен.

"Қатты ұнады. Біз шоуда осындай сәттің боларын күткен едік, даусыңды естіп, көзіме жас алдым", - дейді актрисаның көңілі толқып.

Әнші Фэйт Хилл ұстамдылық танытқанымен, қазақстандық қыздың өнеріне жоғары баға берді. "Әншіге әнші ретінде шын бағамды берейін. Сенің әнің құлағымның құрышын қандырды. Әдемі күлкің, болмысың, жайдары мінезің. Бізге келіп, бөліскеніңе көп рахмет", - деді Хилл.

Телеарнаның Twitter парақшасында @theworldsbestcbs Данэлияға дауыс беруге болады.

Айта кетсек, бұған дейін Төлешова америкалық The Real шоуына қатысқан.