25 қар, 2017 сағат 08:10

Байтоғайда спорт кешені ашылды - ОҚО

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымызға арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық  мақаласында: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы  патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деп атап өткен болатын.

Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады.

Елбасымыздың «Туған жерге тағзым!» бастамасы игі істердің жаршысы болып отыр. Арыс қаласына қарасты Байтоғай елді мекенінде жұртшылық күткен спорт кешені ашылды. 200-ге жуық түтіні бар ауыл балалары енді Нұртай Бижанұлы атындағы стадионға барып, футболдың қыр-сырын меңгереді.

Туған жерге тағзым жасағандардың бірі - Хадиша Бижан. Өз ісін ұршықша иірген кәсіпкер елден жырақта жүрсе де, өскен жерін ұмытқан емес. Ауыл балаларының шымыр да шапшаң болып өсуін қалап, тамаша тарту жасады. Заман талабына сай спорт кешенін салып берді.

Осындай игілікті іске қуанған ауыл тұрғындары зәулім спорт кешенінің ашылу салтанатына тайлы-тұяғымен түгел жиналды. Спорт кешенінің лентасын Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен облыстық мәслихат депутаты Рабиға Қуатбекова арнайы қиды.

Бұл спорт кешенінде футболшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жасыл алаң, арнайы киім шешетін бөлмелер, бәрі де заман талабына сай. Ойынға қажетті құрал-жабдықтардан да мұқтаждық жоқ. Кез-келген уақытта доп тебуге болады. Өз перзентінің спортпен айналысуына тамаша мүмкіндік жасағаны үшін ауыл тұрғындарының кәсіпкерге айтар алғысы ұшан-теңіз.

Бүгін есігін ашқан спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына күмән жоқ.

Спорт кешенінің ашылу салтанатында футболдан турнир ұйымдастырылды. Алматыдан, сонымен қатар, жергілікті жерден 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға арнайы сый-сияпат табыс етілді.

 Нүркен Күзербаев