25 сәу, 2018 сағат 11:36

Атырау облысы Астананың туған күніне 6 млрд теңгенің көпірін салып бермек

Астананың 20 жылдық мерейтойы құрметіне Атырау облысы елорданың оң және сол жағалауларын жалғайтын көпір салып береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

"Астананың 20 жылдығы биылғы жылдың ең айтулы оқиғасы. Әрине, Атырау облысы бұл ауқымды шараға өз үлесін қосады", - деп жауап берді Нұрлан Ноғаев журналистер сұрағына.

Әкімнің айтуынша, көпір құрылысы 6 млрд теңгеге айналды және құрылыс жұмыстары басталып кетті.

«Біз Астанадағы Мәдениет көпірі маңында оң және сол жағалаудардың арасын жалғайтын көпір құрылысын бастап кеттік. Көпірге облыстық бюджеттен қаржы жұмсалды, демеушілер де қол ұшын созды. Жоба құны шамамен 6 млрд теңгені құрайды", - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетсек, Астана қаласының бой көтергеніне биыл 20 жыл толады. Атаулы датаға орай, елордада түрлі мәдени шаралар өткізу жоспарланған.