09 қаз, 2016 сағат 20:32

Астаналықтар ШҚО суретшілерінің туындыларымен танысты

Астанадағы ШҚО күндері аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде облыс суретшілерінің қылқаламынан шыққан туындылардың «Уақыт портреттеріне штрихтер» атты сурет көрмесі өтті. Аймақтың табиғаты мен тынысы жайлы ғана емес, суретшінің ішкі әлемі жайлы баяндайтын туындылар елорда тұрғындарын тәнті етті.

Сурет көрмесіне жалпы 35 суретшінің шығармалары қойылған. Суреттер арасынан Оралхан Бөкейдің отаны Катонқарағай мен Кенді Алтайдың табиғаты жайлы туындыларды да кездестіруге болады.

Көрмеде болып қайтқан ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, «Уақыт портреттеріне штрихтер» суреттер көрмесі елордалықтарды тамсандырып қана қоймай, Астана мен Шығыс Қазақстанның шығармашылық әлемін жақындастыра түспек.

Сондай-ақ, аталған музейде «Үлкен жол кезеңдері» атты фото көрме өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған көрмеге тек облыстың табиғаты жайлы ғана емес, сонымен қатар даму кезеңдерін баяндайтын суреттер қойылған.