13 қаң, 2018 сағат 12:44

Астанада боранда жұмысқа шыққан электрик үсіп өлген (Видео)

Елорда іргесіндегі ауылда бір азамат боранда адасып, үсіп өлді. Одан басқа басына құрылыс материалы құлаған астаналық тағы бір тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір зардап шегушінің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұдан қалды, боран кезінде тайып жығылып аяқ-қолын сындырғандар да көп. Коммуналдық қызмет бас қаланы қирандылардан тазартып, зақым келген ғимараттарды қалпына келтіре бастады. Бірақ көмек қолы барлық жерге жетіп үлгермей жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Любовь Сыроватская қайтыс болған күйеуін жоқтап жылап отыр. 60 жастағы отағасы кеше қарлы боран кезінде жұмысқа кетіп, қайтып оралмаған. Сөйтсе, электрик болып істеген Владимир өзі тұрған Қошқарбаев ауылының электр станциясын тексермек болған екен. Бірақ, дүлей дауылда адасып, үсіп өлген.  Енді марқұмның жесірі, қарлы боранда күйеуін мәжбүрлеп жұмысқа шығарған басшыларын кінәлап отыр.

Любовь Сыроватская, Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны:

Боран болған соң, күйеуім далаға шыққысы келген жоқ. Бірақ, басшылық жұмыстан шығасың деп қорқытыпты. Оның үстіне жолдасымның жүрегі ауыратын.Соған қарамастан үйден шығып кетті. 

Марқұмның денесін ауылдан 500 метр жерден қызметтестері тауып алған. Айтуларынша, Владимир Сыроватскийді жұмысқа шық деп ешкім қысамапты. Тіпті, аудандық электр желілері мекемесінің басшысы, электр станциясын тексерудің қажеті жоқ еді дейді. Өйткені, Қошқарбаев ауылында бірде-бір үйдің жарығы сөнбеген.

Сергей Герасименко, Целиноград аудандық электр желілері мекемесінің директоры:

- Ауа райына байланысты диспетчерге нұсқау берген болатынмын. Яғни, айтарлықтай апат болмаса, электриктер ешқайда шықпауы керек деп. Бірақ, марқұм мұны түсінбеген болар. Жауапты маман еді. Отбасына көмек көрсетіміз.

Астанада да дауылдан зардап шеккендер көп. Соңғы мәлімет бойынша, 40-қа жуық тұрғын түрлі жарақатпен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Көбінің аяқ-қолы сыныпты. Ал, тұрғын үйдің құрылыс материалы басына құлап, ауыр жараланған бір азамат  жансақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан травматология бөлімшесінің дәрігерлеріне бірнеше күннен бері  дамыл жоқ.

Талғат Тұтабаев, травмватолог:

- Жарнама баннері  құлаған бір адамға.  Тағы бір тұрғынның аяғына  қаңылтыр түскен. Төртінші адам аяғын қайырып алған. Желдің екпінімен алдыға итеріліп, өзін ұстай алмай құлап қалған.

Ал, 40-қа жуық  ғимаратқа зақым келген. Яғни, қатты желден үйлер мен мектеп, балабақша, аурухана сынды мекемелердің шатыры ұшып, электр сымдары үзіліпті. Әрі дауыл 130-дан астам бағдаршамды құлатып, 100-ге жуық көлікті ағаш пен түрлі құрылыс материалдары басып қалған.

Элвира Жүргенбаева, Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Пәтер иелері кооперативімен және басқа да тұрғындармен қазір аудан әкімдіктері тығыз жұмыс жасап жатыр. Келтірілген шығындар әлі де есептеліп жатыр. Әрқайсысы кешегі күннің келтірген залалын қағаз бетіне жазып өткізуде.

Ал, боран басылып, күн райы тұрақталған соң бүгін мектептерде  сабақ үзілген жоқ. Бір сәтке де дамыл таппаған коммуналдық қызмет болса, көшелерді боран үріп тастаған қардан аршып үлгере алар емес. Дәл қазір көшелерде екі жарым мыңнан астам техника жүр. Алайда, көмек қолы барлық жерге жете алмай жатыр.