31 мам, 2018 сағат 11:03

Астана әкімі жолақы қашан және кімдер үшін қымбаттайтынын айтты

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елордадағы қоғамдық көліктегі билеттің қымбаттауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен қала басшысы жақында қоғамдық көлікте билет бағасы қымбаттайды деген сыбысқа қатысты ойын айтты.

«Бірден айтайын, бұл контексттен жұлынып алынған ақпарат. Көптеген бағдарламалар бойынша қоғамдық кеңесте талқылаулар жүргізіліп жатқаны белгілі. Тілшілерге де бұл ретте әлеуметтік жауапкершілікті танытуды сұрар едім», - деді әкім.

Оның айтуынша, біріншіден қоғамдық көлік жедел өсіп келе жатқан мегаполис үшін ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

«Көптеген тұрғындардың да шағым айтып жататынын білесіздер. Ретке келтіретін жұмыстар баршылық. Екі жыл бұрын бағдарламаны қолға алып, белсенді түрде автопарктерді жаңартып, сервисті жақсарту бағытында жұмыс жүргізудеміз. Сарапшылардың бағалауынша, нәтиже бар. Басты сұрақтардың бірі - қаржылық модель. 2014 жылдан бері тариф көтерілген жоқ. Одан бері екі девальвация өтті, жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Десе де, тариф бірде-бір мәрте көтерілмеген еді. Біз қазір автопарктермен, көліктік компаниялармен қаржылық модель туралы талқы өткізіп жатырмыз. Көптеген елдерде бұл бағытта субсидия бөлінетіні белгілі», - дейді Әсет Исекешев.

Қала басшысының айтуына қарағанда, автопарктердің ұсыныстары тыңдалған.

«Әлбетте, мәслихатта сөз болған есеп айырысу тарифі - жол жүру құнының өзіндік құны. Ол есеп айырысу мен субсидия үшін маңызды. Автопарктердің бағаны 300, 500 теңгеге көтеруді ұсынғаны белгілі. Бірақ, біз ең минимумды алдық - ол 200 теңге. Бұл есеп айырысу тарифі жанар-жағармайды сатып алу мен жұмысшылардың айлығын, автопарктерді жаңартуды қамтамасыз етуі керек. Бірінші сатыда жағдайды толық түсіну үшін біз 200 теңгені белгіледік», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, қолма-қол ақшасыз, карточкамен есеп айырысу - қала әкімдігі үшін басымдық болып табылады.

«Әлбетте, бұл сұрақ қоғамдық кеңесте, сарапшылар кеңесінде талқыланып, мәслихатқа, одан ары әкімдікке жолданады. Содан кейін ғана шешім қабылданады. Бірақ бұл туралы ақпарат эфирге бұрыс кетіп қалғандықтан, қазір айта кеткім келеді. Биыл біз карточка бойынша жол жүру құнын көтеруді көздеп отырған жоқпыз. Бұрынғыдай - 90 теңге болып қалады. Оның үстіне, екінші автобусқа тегін отыра алатындай жағдайды жасаған қалалардың біріміз. Демек, бір бағамен екі-үш автобусқа мінсеңіз, айналып келгенде тариф екі есеге төмен екенін көресіз. Бірақ, карточка арқылы төлемей, қолма-қол ақшамен төлегісі келетін адамдар үшін біз дифференциялды тариф - 180 теңге етіп енгіземіз», - дейді ол.

Исекешев осы себепті карточка алған адамға тиімді болатынын атап өтті.

«Карточкамен төлету біз үшін неліктен маңызды? Егер барлық адамдар карточкамен төлесе, біз толық жағдайды көре аламыз. Содан кейін тариф бойынша шешім қабылдаймыз. Егер қалалықтар жол жүру үшін 90 теңге төлейтін болса, қала әкімдігінен жыл сайын 15 млрд теңге бөлінеді. Бірақ, тағы қайталап айтамын, жылдың соңына дейін қолма-қол ақшасыз төлеу кезіндегі жол жүру бағасы қымбаттамайды», - деп түйді Исекешв.