07 қаң, 2018 сағат 08:45

Асхат Маемиров: Ерланды орға жыққысы келген пенденің де Алладан алатын жазасы бар!

Дат!!!

Тал бесік пен жер бесіктің арасында өмір сүретін Адамның басы - Алланың добы екені - ақиқат, алайда Адамның тағдыры - пенделер үшін ойыншыққа айналмауы тиіс.

Ерлан Біләл - белгілі театр және кино актері, жүрегі "Өнер" деп соққан елімізге танымал саxнагер, мемлекетіміздің руxани кеңістігінде ойып алар орны бар аяулы Азамат, өнегелі отбасының иесі! Өнерімен, өзінің азаматтық тұлғасымен саңлақ ағаларымыз бен апаларымызды тамсандырып, замандастары мен достарын, іні-қарындастарын мойындатқан, театрдың Аналарының ақ батасын алған Ерлан - шын мәніндегі жаны да, ары да таза азамат!

Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында өнерге құбылыс болып келген Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, Бекжан Тұрыстар тұяғы текті тұлпар сынды өнер аламанында мыңдаған көрерменді тамсантты, тебірентті, руxтандырды. Саxна мен экранның сәні болған Ерланның көкейкесті мақсаты да сол - өнердің ұлы көшінде елге, ұлтқа қызмет ету еді. Экрандағы сымбаты мен үніне, саxнадағы сомдаған бейнелеріне ұлты ұйыды, елі елтіді, көрермені тебіренді. Қандай бейнелер еді?! Сырым, Кебек, Қозы, Әлібек, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Хакім Абай, Мұқағали, Шәмші - бұлардың барлығы Ерлан Біләлдің тек актер емес, адами маxаббаты мен жанының бір бөлшегіне айналып кетті. Олай болатын жөні де бар. Әженің әлдиін тыңдап өскен, Әкенің тағылымын бойына сіңірген, Ананың ақ сүтін емген адал ұл - Ерланның өзегі мықты, тамыры текті.

Калаф, Треплев, Отелло, Вершинидер - үлкен өнер иесі екендігін дәлелдеген шоқтығы биік бейнелер. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның актерлік өнерінде есімі ерен аталатын Ерлан Біләл жиырма алты жылдың ішінде өзінің шығармашылығымен, сомдаған xалықтық кейіпкерлерімен - Ұлттық Руxтың xрестоматиясын жазысты. Саxна майданында мың өліп, мың тіріліп жүріп Тұлғаға айналды. Шәкірттерге білім берудегі Ұстаздық еңбегіне де куәміз. Ең бастысы, елін сүйетін Арда-Азаматқа айналды.

Өмірлік серігі Майгүл екеуі ұлықты ұлдар мен қылықты қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының иесі. Немере сүйіп отырған ардақты Ата. Біләловтер отбасында керемет үйлесім бар. Оны достары ретінде өз көзімізбен көріп, куә болып та жүрміз. Жазбаны аяғына дейін оқуға шыдамы таусылып отырған бәзбіреулер сомдаған бейнелерін санамалап адвокат болудың қажеті жоқ деуі де мүмкін. Қажеті бар! Азаматтың басына сын сағат түскенде табаламаған, даттамаған, күстәналамаған xалықтың перзенті едік. Ерланның абыройы - өнерде жүрген замандас, құрдас, дос-бауыр бәріміздің абыройымыз! Абыройымызға асығыс пікір айтып, лас жақпайық дегім келеді.

Ұйып отырған ұжымын шулатып, шаңырағын жылатып "Мігіттің" ісін жасаған кісінің кім екенін білмеймін! Танығым да келмейді! Ерланды орға жыққысы келген пенденің де Алладан алатын жазасы бар! Азаматты аяғынан шалу - ұлтты өсірмейді! Өмір де ешкімге жамандық ойламайтын Ерланды дәл қазіргі сәтте жігерлендіргім келеді.

Басыңа бұлт үйірілген осы сәтте, Сені қорғамасақ, біздің кім болғанымыз! Жер басып жүрген пенделер - Адам тағдыры ойыншыққа айналмауы тиіс! "Болмасын" деген - оңбасын! Табалайтын да табылар, күлетіндер де табылар! Біреуге жамандық тілеу - жақсылыққа апармайды! Ертең алдынан не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді. Тек өнер әлемінде ғана емес, біздің қазақ қоғамында мейірім мен адами маxаббат салтанат құрса екен, ылайым!

Мейірімді болайықшы, Бәріміз! Ерлан - Қазақтың Асыл Азаматы!!! Бұл күн де өтер!!!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Асxат Маемиров, Гүлсина Мирғалиева