11 шіл, 2018 сағат 13:04

Әсет Исекешев елордалықтарды ауруға төзімді етпек

Ағымдағы жылы елордада 2 саябақ пен 9 гүл бағы ашылады. Бұл туралы бүгін медицина саласын жаңғырту мәселері жөніндегі семинар-кеңесте елорда әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулықты сақтау - бұл үлкен алдын алу шарасы. Біз мұнда бұқаралық спортты, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де дамуды қосамыз. Ағымдағы жылы біз жалпы аумағы 115 гектар болатын қосымша 2 саябақ пен 9 гүл бағын саламыз. Жұмыс істеп тұрған және жаңадан салынған саябақтар мен гүлбақтарында міндетті түрде велосипиедке және жүгіруге арналған жолдар жасаймыз, барлық аулаларда спорттық құрылғылар болады. Біз бұқаралық спортпен айналысу өмір сапасын айтарлықтай жақсартатындығын және адамдардың аз ауруына сеп болатындығын көріп отырмыз. Біз бұл жұмыстарды одан әрі де жалғастырамыз», - деді Әсет Исекешев.

Айта кетейік, 1 шілдеде Мемлекет басшысы қаладағы жаңа нысандармен танысу барысында елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы қайта жөндеуден өткізген «Жетісу» саябағына барды. 

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Алматы ауданында орналасқан «Жерұйық» саябағын аралап көрді. Онда Елбасына 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.