05 шіл, 2019 сағат 13:35

Арыс қаласында 181 үй толық жөндеуден өтті

Арыс қаласын жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ. 


Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрілгінің өкілі, Арыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді.


«Жалпы, бүгінгі таңға дейін 30 700 жарылғыш оқ-дәрі бөлшектері табылған. Қазіргі уақытта осы табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген. Алдағы уақытта оның барлығы жойылады. Яғни, адам өміріне қауіпті емес» - деді Е. Бятов.

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын жеткізген жауапты басшылар оқ-дәрі сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтып өтті.


Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде. Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда. Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшы жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің  ақаулары толығымен қалпына келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.


Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті тіршілігіне қайта оралу үшін барлық жағдай жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкен жұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда.