07 қар, 2019 сағат 10:41

Арал теңізінде жоғалған екі балықшының бірінің денесі табылды

Арал теңізінде жоғалып кеткен екі балықшының бірінің денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қызылорда облысында 2 қарашада Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі балықшы жоғалып кеткен еді.

Онда қатты жел тұрып, күннің күрт құбылуы салдарынан «Бақыт» шаруа қожалығында келісім-шарт бойынша еңбек еткен 25 және 26 жастағы екі азаматтың хабарсыз кеткені айтылған болатын.

Арал аудандық жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі басшысы Шерхан Есжанов жоғалып кеткен екі балықшының бірінің денесі табылғаны мәлім етті. Балықшының денесі №8 балық учаскесі аумағынан табылған. Қайықтағылар №16 учаскеде балық аулаған.

«Марқұм Арал қаласында тұрады. Теңізден іздестіріліп жатқан екінші балықшы Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол да аталған шаруа қожалығында еңбек еткен», - деді Шерхан Есжанов.