10 қыр, 2019 сағат 20:08

«Киношок»: Асанәлі Әшімов «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін иеленді

Театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов - Ресейдегі «Киношок» халықаралық кинофестивалінде номинация жеңімпазы. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақ елін құттықтаймын! Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов режиссер Х.Ахметовтың «Әруақ» фильмінде сомдаған рөлі үшін 2019 жылдың 1-8 қыркүйек аралығында Анапа қаласында өткен «Киношок» халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды», - деп жазды вице-министр Facebook-те.

«Әруақ» фильмін Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» компаниясы түсірген. Картинада Асанәлі Әшімов ақылдылық, парасаттылық пен даналықты ту еткен қазақ ақсақалының образы - Ағатай қарт бейнесін сомдайды.

«Қазақ актерлік мектебінің көрнекті өкілі Асанәлі ағамыз - өзінің нағыз бабындағы шебер екендігін, кәсіби орындаушылық шеберлігінің биіктігін тағы бір дәлелдеді. Асанәлі Әшімовтей көрнекті тұлғамен мақтанамыз!», - деді Н.Дәуешов.