03 қар, 2016 сағат 13:17

«Алтын таңға» сұраныс көп

Ел экономикасын өркендетуде шағын және орта бизнесті кеңейтіп, ауылшаруашылық өнімдерін арттыруға, қайта өңдеу жұмыстарын жандандыруға айрықша назар аударылуда. Бұл орайда мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдауға ие болып отырған кәсіп иелері жұмыс ауқымын кеңейтумен қатар іскерліктерін арттыра түсуде. Соның бірі Панфилов ауылындағы «АКНИ» ЖШС өндіріп отырған отандық сүт өнімі – «Алтын таңға» деген сұраныс артып келеді.

Негізінде 2009 жылы құрылған серіктестіктің алға қойған жоспары сапалы сүт өнімін өндіру болатын. Нарықтық қатынастағы тауар айналымын зерттеп, зерделей келе таңдайға татымды «Алтын таң» деген  сауда маркалы қышқыл сүтті сусын өндіруге білек сыбана кіріседі. Алғашқы жылдары аталған өнімді өндіруге қажет заманауи құрылғылар алып, үлкен іске дайындалған зауытта өткен жылдан бері қалыпты жұмыс ырғағы қалыптасқан. Бүгінде ел Үкіметінің отандық өнімнің беделін өсіріп, өтімділігін арттыру үшін «Қазақстанда жасалған» деген атауға ие арнайы акция ұйымдастырып, оған кең қолдау көрсетіп отырғаны белгілі. Сауда орындарында көзге жылыұшырайтын осы екі ауыз сөздің өзі көңіліңді қуантып, патриоттық сезіміңді қамшылайды. Құрамы табиғи таза өнімнен жасалатындығына еш шүбә келтірмейтін отандық азық-түлік түрін алуға дағдыланып қалғанымыз анық. Осылайша тұтынушылар сенімін нығайта отырып, жоғары сұранысқа ие болып отырған сүт өнімінің бірі жоғарыда аталған  «Алтын таң» дер едік.

– Істі қолға алмас бұрын, оның адам денсаулығына тиімділігінің ескерілгені абзал. Себебі, өнімді сауда сөресінен сатып алып, тұтынатын адам болғандықтан бұған аса мән беруіміз қажет. Біздің серіктестік өндіріп отырған қышқыл сүтті сусынның адам ағзасына, соның ішінде ас қорыту жұмысын жақсартуға тигізер пайдасы өте зор. Табиғи әрі экологиялық таза сүттен жасалатын сусынның құрамы биологиялық құндылыққа бай. Сусынды тағам түрінде де қолдануға болатындығына көз жеткізген тұтынушылардың қатары көбейіп, уақыт озған сайын сұраныс  артып келеді, – деген «АКНИ» ЖШС-нің бас директоры Руслан Устемиров  «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Эксимбанк Қазақстан» банкінен жеңілдетілген несие алып, зауыт көлемін ұлғайтып, қуаттылығын арттыруға күш салатындықтарын тілге тиек етті.

– Тәулігіне қабылданатын табиғи сүттен 3 мың тонна сусын өндіріліп, Алматы қаласының ірі сауда орындары мен Талғар ауданының дүкендеріне таратылады. Сақталу мерзімі 3 айға дейін жарамды. Қазірдің өзінде облыс шеңберінен шығып, Батыс пен Шығыс Қазақстан облыстарынан тапсырыс түсіп, отандық өнімнің осы өңірлерге жөнелтіліп отырғаны қуантады. Келешекте сүт зауытының қуаттылығын арттырып, экспорттық әлеуетін көтеруді жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестіктің сауда бөлімінің басшысы Шухрат Даутов. 

– ЖШС бүгінде «АКНИ-мен» бірлесе еңбек етіп отырған «Үш Нұр Бұлақ» газдалмаған жоғары санатты таза табиғи минералды су өндірумен айналысуда. «Бұлақ» атты атауға ие 5 литрлік пластикалық ыдысқа құйылған мөлдір де табиғи таза судың отандық өнім қатарын толықтырып қана қоймай, өтімділік танытуы кәсіпорын жұмысының жандана түсуіне айрықша ықпал етуде.

 Аталған зауытта тұрақты түрде жұмыспен қамтылған ауыл тұрғындарының көңіл-күйлері көтеріңкі. Автоматтандырылған қондырғылардың тетігін басып, өздеріне жүктелген жұмыстарды тиянақты атқаруға машықтанған еңбек адамдарының жүздерінен табандылық пен сенімділік аңғарылады.

– Қазіргі заманғы озық технологияның арқасында жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Міндетіміз – сүт құйылған соң ыдыс сыртына жапсырмасын жапсыру. Осы зауыттың арқасында алысқа сабылмай ауылда еңбек етіп, отбасымызды асырап отырмыз, – дейді еңбек тәжірибесі мол Татьяна Гордеева. 
 Жұмыстың жандануына Османова Назипа қызы Эльнарамен, сонымен бірге Максим Недушенков, Анна Коновалова сынды еңбек адамдары аянбай атсалысуда. Бес саусақтай бірігіп, еселі еңбек көрігін қыздыра білген жандар жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатындығына көз жеткізіп отыр. 

Ұлбосын Исабек
Панфилов ауылы,
Талғар ауданы.