17 шіл, 2019 сағат 09:43

Алтай Көлгінов LRT жобасы туралы айтты

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Аstana LRT жобасы бойынша бұғатталған қаржыны мемлекетке қайтаруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлкет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырсында бюджетті тиімді игеру бойынша ауқымды тапсырмалар бергенін еске салған Алтай Көлгінов Аstana LRT жобасы жайлы сөз қозғады.

«Мемлекет басшысы бюджеттің тиімді игерілмей жатқанын сынға алды. Аstana LRT жобасы да аталып, оның құны тым жоғары екені, өзін ақтайтыны күмәнді екені айтылды. Қазір Үкіметпен бірге құрылыс құнын оңтайландыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. «Астана» банкінің ЛРТ құрылысы бойынша бұғатталған барлық қаражаты мемлекетке қайтарылуы тиіс», - деген қала әкімі алдағы уақытта бюджеттік бағдарламалардың қайта жасалатынын ескертті.

«Имидждік жобалардан тартыну қажет болады. Президент бұл тұрғыда айқын мақсат қойды. Бюджеттік жобалар «Не үшін қажет» және «Әлеуметтік-экономикалық тиімділігі қандай» деген ең қарапайым екі сауалға жауап беру тиіс екенін атап өтті. Расымен де жобаны дайындағанда техникалық-экономикалық құжаттама мен жобалық сметасынан бұрын қандай әлеуметтік-экономикалық мәселені шешетініне бас ауырту қажет», - деді Алтай Көлгінов.