12 там, 2019 сағат 12:16

Алматылық оқушылар электронды платформа арқылы веб-сайт пен мобильді қосымша жасауды үйренбек


Алматы қаласындағы білім ордаларында оқушылар мен мұғалімдерге арналған электронды платформа жасалып жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Андрей Дупик мәлім етті.

Электронды платформа мектеп оқушыларына инновациялық идеялар мен жобалар жүзеге асыруға көмектесіп, олардың цифрлық дағдыларды меңгеруіне ықпал етпек.   

«Өңірдегі жалпы білім беретін мектептер базасында факультативтер ашылады. Біз онда сұранысқа сай келетін бағыттарды қамтитын боламыз. Атап айтқанда, 3D модельдеу, роботехника, веб-сайттар, ойындар, мобильді қосымшалар және т.б. бойынша білім беріліп, жасалу жолдары үйретіледі. Мұның бәрін бір жерде, яғни электронды платформа базасында жинақтайтын боламыз. Бұл оқушыға да, оқытушыға да колжетімді. Мәселен, білім алушы сайтқа кіріп, нақты тақырыпты таңдай отырып, бейне-роликтер мен контентті көре алады, сондай-ақ тестілеуден өтуге де мүмкіндік жасалған. Электронды платформаны кез келген уақытта мұғалім мен оқушы үйде отырып-ақ пайдалана алады», – дейді Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры.

Қазіргі таңда цифрлық платформаны құру жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес алғашқы кезеңде аймақтағы 102 мектеп (50 пайыз) қамтылады.

Осылайша, осы жылдың қыркүйек айында пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Қатысушы мектептер үшін техника, программа, контент берілетін болады.

Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел аумағындағы барлық білім ордалары 100 пайыз Wi-Fi желісімен, компьютер құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мыңдаған IT-сыныптар мен үйірмелер (инновация мен технология тілін үйрететін) ашылатын болады. Мұның барлығы еліміздің IT-саласының әлеуетін көтеруге бағытталып отыр.