02 там, 2018 сағат 13:32

Алматылық дәрігерлер әкесі таспен ұрған баланың жағдайы туралы айтты

Алматы балалар жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері Шығыс айналма жолынан табылған бүлдіршіннің жағдайы туралы айтты. Ақ халаттылар баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

"Қазір баланың беті бері қарап келеді. Есін жиды, барлығын түсінеді. Аяқ-қолдарын қимылдатып жатыр. Оң қолы мен аяғын қозғалтуға, жымиюға тырысады. Эмоционалды және клиникалық жағынан өзін бұрынғыдан әлдеқайда жақсырақ сезіне бастады", — деді Алматы балалар шұғыл көмек ауруханасының дәрігер-нейрохирургы Николай Дьяченко. 

Сондай-ақ, ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында интенсивті терапия жалғасып жатқанын атап өтті.

Қазір баланың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, алайда дәрігер Мұхаммедтің оңалуы мен қалпына келуіне нақты қанша уақыт кететінін айтуға қиналды. 

"Неге екенін білмеймін, әйтеуір бәріне уақыт факторы қызық. Бірақ біз үшін бастысы уақыт емес. Ең бастысы – денсаулығының оңалғаны", — деді Дьяченко.

Маманның айтуынша, жақын арада балаға тағы бір операция жасалады. 

"Қазір нақты уақытын айту қиын, бірақ оған тағы бір ота жасау қажет. Бұл бас сүйегінің пластикасы. Оның сүйегі бізде сақталған. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын біздің емханада әзірленген әдістеме бойынша консервіленген", — деп түйіндеді Николай Дьяченко.

Шығыс айналма жолынан табылған балаға не болды?

16 шілде күні полицияға жол апатына кінәлі адам бүлдіршінді қағып, оны көрпеге орап тастап кеткені туралы ақпарат түседі. Ол кезде аудандық ІІБ-ға баланың әкесі көмек сұрап жүгінген еді. Ер адамның айтуынша, ол жұмысқа кеткенде, ұлының соңынан ере шыққанын байқамаған, ал трагедия туралы әлеуметтік желілерден біліпті. Сол жолы баланың әкесі БАҚ арқылы апат куәгерлеріне жүгініп, хабарласуын өтінген еді.

Төрт жасар Мұхаммед табылғаннан кейін бірден балалар ауруханасына жеткізілді. Оың жағдайы өте ауыр деп бағаланған еді. Операция жасалды. 

Полицейлер оқиға орнынан ізін жасырған жүргізушіні екі аптадан астам уақыт бойы іздеді. Сонымен қатар басқа да нұсқалар қарастырылды. Барлық факті мен бейнебақылау камераларынан алынған видеоларды зерделегеннен кейін, тергеушілер ешқандай жол апаты болмағанын анықтады. 

1 тамыз күні Алматы ішкі істер департаменті осы іске қатысты видео таратты. Онда Мұхаммедің әкесі ұлын мазасын ала бергені үшін таспен ұрғанын, осы уақыт бойы полиция мен жұртшылықты әдейі жаңылыстырғанын мойындады.

Аталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

sputniknews.kz