10 қаз, 2019 сағат 11:37

Алматыда АӘК төлеудің жаңа тетіктері түсіндірілді

Алматы атаулы әлеуметтік көмекті (AӘК) берудің жаңа тетіктері туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдеріне сәйкес, көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы беру жоспарланған. Бұл жәрдемақыны төлеу отбасының табысына байланысты болмайды. Ол барлық көп балалы отбасыларға төленеді, яғни 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар.

Жәрдемақының мөлшері балалар санына қарай сараланады, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған жәрдемақыға қарағанда 4-7 есе көп.

Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады. Сонымен бірге табысы жоқ отбасылар жәрдемақыны биылғы жылдағыдай алады.

«Атаулы әлеуметтік көмектің ең басты шарттарының бірі - еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс және отбасы үшін жауапты болуы керек. АӘК-нің шартты ақшалай түріндегі көмек жұмыссыз азаматтарға төленеді. Алайда аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтары «Еңбек» бағдарламасын пайдаға асыруы тиіс», - деді ол.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады.

Ал, кепілдендірілген пакет барлық АӘК алушыларға, соның ішінде балаларына материалдық қолдау көрсетіледі.