15 там, 2019 сағат 06:39

Алматы полициясы туристке таксиде ұмытып кеткен бейнекамерасын тауып берді

Алматыда Біріккен Араб Әмірліктерінен келген турист Рашид Абдулкарим Мұхаммед Кәрім Әлблоки өзінің бейнекамерасын таксиде ұмытып кеткен. Полиция қызметкерлері шетелдік азаматтың жоғалған затын тауып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БАӘ азаматы Бостандық ауданында орналасқан сауда-ойын-сауық орталығына бару үшін таксиге отырған. Діттеген жеріне жеткен ол көліктен түсіп қалған. Бірнеше метр жүріп өткен соң, ер адам таксиде «Canon» бейнекамерасын тастап кеткенін есіне түсіреді. Шетелдік азамат бірден «102» -ге қоңырау шалды. Кезекші оператор туристің өтінішін шет тілінде қабылдап алған.

Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, бірнеше сағаттың ішінде таксиді анықтап, бейнекамераны иесіне қайтарып берді. Өз кезегінде, Рашид Абдулкарим Мұхаммед Кәрім Әлблоки полицияға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

«Менің бейнекамерамды тез арада тауып берген полицияға өте ризамын. Бұл мен үшін өте маңызды», - деді шетелдік турист.