10 там, 2018 сағат 14:14

Алматы полициясы пәтер жалдап тұратын тұрғындарды тексеріп шықпақ

Алматы полициясы қалада пәтер жалдап тұрып жатқан азаматтарды тексеруді күшейтпек. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен қоғамдық кеңес мүшелері мен ІІД қызметкерлерінің отырысында ІІД басшысы Серік Күдебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Полиция енді пәтер жалдап тұратын адамдардың үйін жиі тексеріп тұратын болды. Жүргізілген талдауларға сәйкес, болған қылмыстардың 31 пайызын сырттан келгендер жасайды екен. 

Қылмыстық ахуалды бақылауда ұстау мақсатында пәтер жалдаушылар енді кешенді әрі жоспарлы түрде тексеріліп тұрады. Оның ішінде шетелдіктер тұратын жатақханалар, қонақ үйлерге де полиция жиі бас сұғып тұрмақ. 

Сонымен қатар, оның айтуынша, жыл басынан бері 103 мың құқық бұзушыға 637 млн теңге айыппұл салынған. 

ІІД басшысы Серік Күдебаевтың сөзінше, ІІД басты міндеті - полицейлер арасындағы қылмысты азайту болып отыр. 

«2017 жылы 457 қызметкер жұмыстан қуылған. Олардың 10 пайызы сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталса, 1 833 қызметкер - тәртіптік, 32 қызметкер - қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деді С.Күдебаев.

Сондай-ақ, биыл Алматы ІІД штаттық бірлікті көбейтпек. ІІД басшысының айтуынша, Алатау және Наурызбай ауданының пайда болуына байланысты штаттық бірлікті көбейту жоспарланып отыр.