13 қыр, 2019 сағат 15:05

Алматы облысының екі ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімімен және Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Талғар және Панфилов аудандарына жаңа әкімдер тағайындалды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Панфилов ауданына әкім болып Талғат Өмірәлиев тағайындалды.

«Облыс басшысы Амандық Баталов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Панфилов ауданының бұрынғы әкімі Темірлан Бектасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды» делінген баспасөз баянында.

Айта кетейік, осы күні Талғар ауданына да жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Талғар ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Жолан Омаровтың кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірді. Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданында болып, жаңа әкімді таныстырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай Темірлан Бектасов облыс әкімі аппаратының жетекшісі болып тағайындалған еді.