29 қар, 2016 сағат 15:28

Алматы облысында 2016 жылдың көшбасшылары марапатталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында Алматы облысы әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы – 2016» сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды. Бұл сыйлық әр түрлі салада белсенді еңбек ететін жастарды ынталандыру мақсатында беріледі.

Салтанатты жиынға қатысушыларды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады. Ол өз сөзінде мемлекет қолдауының арқасында жастарға барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын, сондықтан жастардың ең басты міндеті жақсы оқып, еңбектенуден шаршамай, алға қарай ұмтылу екеніне тоқталып өтті.

- Сіздердің әрқайсыларыңыз да әлемдегі ең ақылды, ең таланатты адамсыздар. Кейде өзгелер әлдеқайда талантты сияқты көрінгенімен, бәрі өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар. Жастардың жалынды энергиясы, батыл шешімдері, жарқын идеялары, мақсатқа жетудегі табандылықтары қоғам үшін әрқашан құнды. Бүгін біз өз таланттарын дұрыс бағыттап, түрлі салада биік жетістіктерге жетіп жүрген, өз ісінде көшбасшы бола білген жастарды марапаттағалы отырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Сіздерді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұдан кейін де биік шыңдарды бағындырып, Ұлт Көшбасшысымен бірге жаңа жеңістерге жете беріңіздер! – деді А. Баталов.

Облыс әкімі құттықтау сөзінен кейін жастар сыйлығының жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Мәселен, «Үздік жас журналист» номинациясында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің және «31» телеарнасының меншікті тілшісі Самал Қабышева, «Үздік жас өнерпаз» аталымында «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Мади Мұсафиров жүлдегер болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» фитнес-клубының директоры Елдос Баялышбаев «Үздік жас кәсіпкер», Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық округіндегі мал дәрігерлік пунктінің мал дәрігері Ардақ Айтбаев «Үздік жас ауыл шаруашылығының маманы», І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті заң факультетінің аға оқытушысы Тимур Жұмағұлов «Үздік жас ғалым», Панфилов ауданы Абай атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ұлдана Бегімбекова «Үздік жас ұстаз», Алакөл ауданындағы № 26 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Ерсұлтан Сейдахметұлы «Жас батыр» атанды.

2016 жылдың жаңа көшбасшылары атанған әртүрлі саланың 17 жас маманы жиналған көпшілікті алдағы мемлекеттік мерекелермен құттықтап, өздеріне көрсетілген қолдаулар үшін зор ризашылықтарын білдірді.

Шара соңында танымал қазақстандық эстрада әншілерінің концерті ұсынылды.

Жалпы, жастар сыйлығы жыл сайын 17 номинация, атап айтқанда, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас саясаткер», «Үздік жас өнерпаз», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас ауыл шаруашылығының маманы», «Үздік жас әскери қызметкер», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас маман», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас ұстаз», «Үздік ерікті», «Үздік студент», «Жас батыр», «Үздік жас журналист», «Үздік «Жасыл ел» сарбазы», «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы» аталымдары бойынша өтеді.