31 мам, 2017 сағат 11:15

«Албасты сай» атауының астарында не жатыр?

Қазір «Қасірет» деп аталатын кешеннің қасиетін ұқпайтындар да бар. Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалдық ескерткіштер кешені орналасқан жер бұрын «Албасты сай» аталып келген болатын. Қарапайым халық әлі де солай атайды. Атынан адам шошитын осы бір сөздің астарында талай құпияның жатқаны анық.

Тарихшылар «Албасты сай» атауы Саяси қуғын-сүргін жылдарына дейін де болғанын айтады. Қамыс басқан, батпақты алқапта Қоқан хандығы кезінде қарсылық көрсеткен қазақтарды осы «Албасты сайда» өлтіру жүзеге асқан екен. Кейіннен НКВД-ның бастығы Н.И.Ежовтың әйгілі №00447 «оперативті» бұйрығы негізінде жазаланғандардың да қаны осы сайда төгілген. Деректерге қарағанда, Сталиннің 1932 жылғы шілдедегі бұйрығы бойынша, НКВД антикеңестік азаматтардың көзін төрт айдың ішінде толық жойып бітуі керек болған. Осы бұйрықтың негізінде оңтүстікте І-кезеңде – 1 711 адам, ІІ-кезеңде 1 311 адам атылған. 12 мыңға таяуы сегіз жылдан 12 жылға дейін сотталды. Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албасты сай», қазіргі «Қасіретте» жатыр. «Қасірет» мемориалындағы абақтыны аңғартатын төрт бұрышты темір мен тор ату жазасына кесілген күйеуінің артында сәбиін құшақтап қала берген әйелді бейнелей­тін ескерткіш те елді терең ойға жетелейтіні түсінікті.

Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдың ортасынан, Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталғаны мәлім. Оларға «буржуазияшыл», «ұлтшыл» деген айып тағылды. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Ал 1937 жылы «халық жау­лары» жазаланды. Міне, биыл сол қанды да қасіретті зұлматқа 80 жыл болғалы отыр. 1997 жылы 14 мамырдағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып өтіп келеді. Осы күннің қадірін, қасиетін жұртшылық қаншалықты біледі? «Албасты сайдағы» жантүршігерлік оқиғаларды естіп өскен алдыңғы буын аталардың қатары сиреген. Маңынан өткен сайын аят оқып, бет сипайтын аға буын да сайдың сырын кейінгі ұрпағына айтып отыратыны анық. Сол алдыңғы буынның әңгімелері мен тарихи деректерге қарағанда, «Албасты сайда» 1937-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген. Арасында көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны да аз емес. Жендеттің оғынан ауыр жараланып, шалажансар күйінде өмір мен өлімнің арасында қалғандардың дауыстарын естігендердің шарасыздықтың күйін кешкені мәлім.

Көнекөз қариялардың айтуынша, терең сайды жағалай киіз үй тігіп, қоныстанған шағын ауыл тұрғындары отын-суы, азық-түлігі, құрал-сайманын, малын ұстау үшін терең сайдың ішінен су ағатын арық­тың жан-жағынан жер там соғып алыпты. Сайдың үстіңгі екі жағындағы киіз үй­лерде де тұрақтаған.

Бертініректе артель құрылған кезеңнен бастап тұрғындар «Қайтпас» елді мекеніне көше бастапты. Ал терең сай мал жайылатын жайылымға айналған. Қыз-келіншектер сол сайға отын жинауға барып, тезек терген. Аталарынан осы сай жасырын жазалау орны болғанын естіген жастар «албасты көрдік, шайтан көрдік» деп, үйлеріне үрейленіп келеді екен. Сол кездегі милициялар ауыл тұрғындарына «сендер түнде атылған мылтық дауысын естіген жоқсыңдар» деп қатаң ескертіп отыратынын, расында түнде мылтық, кейде тапаншаның дауысы естілетінін аталарынан естігендер бар.

Қорқынышты әңгімелерден соң жастар ол жаққа баруға қорқатын болған. Иә, зұлмат кезеңдегі оқиғаларға бүгінгі «Қасірет» мемориалының маңындағы «Албасты сай» ғана куәгер. Деректерге қарағанда, 3000-дай адам атылған. Осыншама адамның мәңгілік мекеніне айналған «Албасты сай» алабына қамқорлық қандай деңгейде жасалуда? Иә, бұл аумақтың қандай тарихи орын екенін айшықтайтын мемориал орнатылды. Дегенмен, таяқ тастам жерге «Алтын сарай» атты зәулім тойхана салынды. Қай тұрғыдан қарасаңыз да тіпті үйлеспейтін құрылыс. Бұл нысан кезінде жұрттың наразылығын тудырған да болатын. Алайда, көпшіліктің пікіріне кәсіпкер құлақ аспай, дәл қасиетті мекеннің маңында қанша жылдан бері дүрілдетіп, дүркіретіп той өткізіп жүр.

Ол аздай сол маңда көпшіліктің нара­зы­­лығын тудырған тағы бір даудың түң­лігі түрілгеніне көп бола қойған жоқ. «Қайтпас» шағын ауданының ақсақалдары сталиндік «қызыл қырғынның» кезінде мыңдаған адам атылған орында одан басқа да зәулім кәсіпкерлік нысандарының, сау­да орталығының салынғалы жатқанын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданған болатын. Ақсақалдардың жанайқайы әсер етті ме, әлде тарихи дерек­тердің мысы басты ма, Аллаға шүкір, қала басшылығы райынан қайтыпты. Оң шешімнің қабылдануына облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың де ықпалы тиіпті деген ақпарат бар. Қала әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер: «Саяси қуғын-сүргін жылдары аталған маңда орын алған жайт­тарға қатысты құжаттардың бәрін зерттеп шыққаннан кейін қала әкімі құрылысты тоқтатып, оны өзге жерге ауыстыруға тапсырма берді», деп мәлімдеді. Осылайша, қала басшысы қорымның орнына нысан салу туралы шешімнің күшін жойып отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай шешімді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осыдан біраз уақыт бұрын шығарған көрінеді. Тек жергілікті ақсақалдар мен БАҚ өкілдері дабыл қаға бастағаннан кейін жария етіп­т­і. Дегенмен, жергілікті жұрт «Қасірет­ке» қамқорлықтың әлі де қажет, мән-маңы­зы жастарға терең түсіндірілуі керек деп есептейді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» газеті