#
#
Бейсенбі 29/06/2017

Алаш қайраткерлері жерленген орын мемлекет қорғауына алынуы керек - тарихшы

  • 31.05.2017
  • 0
  • 463

Алғашқылардың бірі боп халық жауы атанып, ату жазасына кесілген 19 адамның денесі Алматы облысы, Бұрындай (Жетісу) ауданы, Қамыссай сайына көмілді. Бұл жер бір кездері тұрғындардың қоқыс тастайтын орнына айналып, қараусыз қалған. Ақтөбелік тарихшы Бекарыстан Мырзабай Алаш қайраткерлерінің денесі жатқан жерді мемлекет қорғауына алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ашыршылық, қуғын-сүргін жылдарына арналған танымдық кездесулер өтіп жатыр. Сағи Жиенбаев атындағы кітапханаға студенттер шақырылып, құжаттар таныстырылды, мұрағат деректері көрсетілді. Зерттеуші, тарихшы Бекарыстан Мырзабай жастарға өзі зерттеген Алаш қайраткері Ұзақбай Құлымбетов туралы баяндап берді.

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген Ұзақбай Құлымбетов кедей отбасында туып, өсіп, Ыбырай Алтынсарин ашқан төрт жылдық мектепте білім алған. Ақтөбедегі мұғалімдер семинариясында, қазіргі педагогикалық колледжде білім алып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті.

«Екі жыл оқып, сол біліммен ауылына барып, 1912-1918 жылдар аралығында  мұғалім болды. Алғашқы мұғалім ауылды ұйымдастырып, кірпіш басады. Әр кірпішке әріп, сан салып, жанындағы балаларды үйретіп отырады. Өкініштісі,  1964 жылы Ұзақбай Құлымбетов салған сол мектеп бұзылған. Шопандарға арналған үйдің қабырғасы бар, шатыры бар, пеші болмады. Қар түскен кезде совхоз директоры тапсырма беріп, «тез кірпіш тауып, пешін салыңдар» деген. Сол кезде «Ұзақбай Құлымбетов деген халық жауы болған адамның мектебін бұзып, соны арамен төртке бөлсең пеш кірпіш шығады» деп айтты. Сапалы салынған. Әр кірпіштің жан-жағынан әріптер мен цифрларды көрдік», - деді Ұзақбай Құлымбетовтың 100 жылдығына арналған жиынға барған кезде Ералы деген ағамыз. Ол мектеп қазір жер болып кетті. 1937 жылы «Халық жауы ұсталды, ордасын ойрандау керек» деп Ырғыз ауданынан белсенділер келіп, ішіндегі адамдарды қуып шығып, темірмен төбесін ойып, үйді ортасына түсірген. Ол күнді Құлымбетовтың ересек қыздары есте сақтап қалған. Археологиялық қазба жұмыстар кезінде ортаңғы бөлмеде қираған қазан, кесе табылды. Ұзақбайдың әкесі Желдербайдың екінші әйелі Нәби тігінші адам болған еді. Сол жақтағы бөлмені қазғанымызда аяқпен тігетін «Зингер» машинасының тұтас қалдығы табылды», - деді Бекарыстан Мырзабай.

Ұзақбай Құлымбетов өзі салған мектепте 7 жыл бойы сабақ берген. 1918 жылы оны Әліби Жангелдин шақырып алады. Дәл сол шақта Ақтөбе мен Орынбордың ортасында ақтар мен қызылдар соғысып жатты. Әрі Түркістанда жасақталған Қызыл армияның әскері Аралға қарай бет алды. Осы кезде Әліби Жангелдин Астрахань, Ақтау арқылы Мәскеуден қару тасып, Ақтөбе майданына жеткізуді көздеді. Жанына Баймен Алманов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновті шақырды. Сөйтіп оларды Ырғыз ауданының Тәуіп, Нұра ауылдарына Кеңес үкіметін насихаттауға жіберді.

«1919 жыл Кеңес үкіметі нығайды. Бұл кезде Ұзақбай Құлымбетов Ырғыз уездік революциялық комитетінің төрағасы болып отырды. Кейін Ақтөбе, Ақмола, Қызылордаға халық шаруашылығы комиссары етіп тағайындалды. Сол жылдары теміржол салына бастады. Сыртқы сауда саласында Қытай мен Моңғолиядағы қазақтардан мал сатып алу мәселелерін іске асыруға тырысты. 1925-1937 жылдар аралығында жеті мемлекеттік бағдарлама жасады. Әрқайсысы ғылыми кітап болып жарыққа шықты. Бірақ 1937 жылы өртелді. Мәселен, бір мемлекеттік бағдарламасын айтсақ, төрт облыста тері илеу зауытын салу керек  екені жазылған. Алдымен Қазақстанды облысқа, аудан, ауылдарға бөлді. Кейін Семей, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбылда тері илеу, соның жанынан міндетті түрде жүнді өңдейтін цехтар ашылу керек деді. Төрт жерде соны іске асыра бастады. Өкінішке қарай, 1925 жылдан бері қарай 100 жылға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін Қазақстанда бірде-бір зауыт жоқ. Зауыттар болса, қирады. Теріні Түркияға жібереміз, Италия қағып алып, бізге кері сатып жатыр», - деді тарихшы зерттеу жұмыстарына тоқталып.

Ұзақбай Құлымбетов қарапайым мұғалімнен Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасына дейін өсті, еңбек етті. Бірақ ол 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, қамалды, кейін ату жазасына кесілді. «Құлымбетовты курорттан әкеліп, бір ай үйқамақта ұстап, Алматының НКВД ғимаратындағы жертөлеге қамады. Сол кезде19 адамды тіркеп, 1938 жылдың 21 наурызда жертөледе атты. Денелерін қапшыққа салып, Алматы қаласы, Бұрындай ауданы, Қамыссай деген сайға апарып салды. Ал 1989 жылы Алматы облыстық атқару комитетінің қаулысымен осы жерді трактормен тегістеп, қала тұрғындарына шаруашылық жүргізілуге берілді. Гербер деген адам 30 миллион рубль ақша алып, сол жерге 100 қаз, 100 үйрек, 50 шошқа қамап бақты. Осыны көрген ұлт қайраткерлері шу көтеріп, Мәскеуге телеграмма салды. 1992 жылы Бұрындайға «1930-50 жылдардағы репрессия құрбандарына» деген белгі қойылды. Өкінішке қарай, кейін «бұл жерде адам аз екен, көп адам Жаңалық ауылында жатыр» деп барлық назар сол жаққа ауған кезде Бұрындайдағы Қамыссай ауылындағы Алаш қайраткерлері жерленген жер қоқыс тастайтын орынға айналды. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясына хат жазып, қоқыстан тазартып, мемлекеттік қамқорлыққа алу керек деген мәселе көтердік. Белгі қойғымыз келеді. Сол жұмысты қолға алу үшін адамдардың басын біріктіруіміз керек», - Б.Мырзабай.

Зерттеуші, тарихшы Бекарыстан Мырзабай әлі де болса саяси қуғын-сүргін құрбандары толыққанды зерттелмегенін, Асфендияр Кенжин, Тел Жаманмұрынов, Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов, Алпыспай Қалменов, Беркінғали Атшыбаев сияқты еліміздің батысындағы Алаш қайраткерлері ескерусіз қалып жатқанын сөз етті. 

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар