23 нау, 2019 сағат 10:34

Ақұштап Бақтыгереева: Елбасының қайраткерлігіне бүкіл халық сүйсінді

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева ел астанасының "Нұр-Сұлтан" болып өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

"Ұлы даланың еркіндік алған ғасырының тұңғышы болып тізгінін ұстау Елбасының маңдайына жазылған тағдыр екені даусыз. Сын сағаттардан сүрінбей өткен шыдамыңыз бен парасатыңызға куәміз, ризамыз. «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан түрлі мінезін де көтеріп, бүкіл әлем алдында абыройын асқақтатып көрсету үшін жасаған істерінің ұшан-теңіз екені тарихқа жазылып қалды. Бұл күнде бүкіл әлем көшпенділер мекені деген қазақ даласын Нұрсұлтан Әбішұлының есімінен танып білгені жасырын емес. Алаш жұртының рухын қайта көтерген қайраткерлігіне бүкіл халық сүйсінді.

Халықтың құрметіне бөленген қазақтың азаматы, нар тұлғалы ұлт көшбасшысының есімінің Астана қаласына берілуін дұрыс жасалған шешім деп білемін. Және өз тарапымнан оң көзқараста екенімді баса айтқым келеді" дейді ақын.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.