31 нау, 2020 сағат 16:20

Ақтауда 6 сәуірден бастап өңіраралық рейстер тоқтайды

Ақтауда көптеген авиатасымалдаушылар авиарейстерді тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

6 сәуірде соңғы рейс - Көкшетау-Ақтау-Көкшетау тоқтайды. Бүгін Атырауға апаратын рейстер жабылды. Жалпы, бұл жағдай елімізде төтенше жағдай аяқталғанша, яғни 15 сәуірге дейін жалғасады. 

«Әзірге SCAT компаниясының бағыттары ғана қалды. Біз - сыртқы және ішкі рейсті тоқтатқан ең соңғы әуежаймыз. Барлығы сәуір айының ортасына дейін ғана тоқтатылады деп сенеміз. 31 наурыздан 14 сәуірге дейін Ақтау-Ақтөбе-Ақтау бағыты уақытша орындалмайды. 3 сәуірден 12 сәуірге дейін Ақтау-Атырау-Орал-Атырау-Ақтау бағыты жабылады. 6 сәуірден 15 сәуірге дейін Көкшетау-Ақтау-Көкшетау бағыты ұшпайды» делінген хабарламада. 

«Үкіметтік комиссияның қаулысы бойынша, енді тек жүк тасымалдайтын ұшақтарды қабылдай аламыз және әскери ұшақтар ұшуы мүмкін. Олар мемлекеттің тапсырмасымен ұшады»,-дейді Ақтау халықаралық әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов.

​Директордың айтуынша, барлық ұшақ жолаушыларын арнайы киім киген эпидемиолог мамандар қарсы алып, тепловизормен тексеріп жатыр. Жолаушылардың тізімі алынып, оның қайдан, қашан отырғаны жазып алынды.

​Айта кетейік, 27 наурыз күні Ақтау әуежайында барлық халықаралық әуе рейстері тоқтаған болатын.