14 там, 2019 сағат 15:19

Ақмола облысындағы 600 киелі орынға QR-код орнатылады

Ақмола облысындағы тарихи-мәдени жәдігерлерді цифрландыру мақсатында 600 киелі нысанға QR-код енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар 2020 жылға дейін толық жүзеге асады деп жоспарланған.

QR-кодтың басты артықшылығы – мобильді қосымша көмегімен шифрланған ақпаратты оқи алуында болып отыр. Оны кез келген адам қарапайым смартфонның көмегімен онлайн-режимде көре алады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тарихи нысандарды жаппай цифрландыру жұмыстары қолға алынған болатын. Қазіргі таңда өңірдегі 43 табиғи және тарихи-мәдени орынға QR-код орнатылған. Атап айтқанда, олардың ішінде Бурабайдағы Абылай хан алаңы, Ерейментаудағы Бөгенбай батыр ескерткіші, Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлин ескерткіші, Көкшетау қаласындағы Абылай хан ескерткіші, Зеренді ауданындағы Уәли хан мазары бар. Осылайша, туристер, қонақтар және қала тұрғындары цифрлық технологиялар арқылы көне ескерткіштердің тарихы туралы танымдық ақпараттар ала алады. Бұған қоса, QR-код арқылы өнер саласына үлкен туынды әкелген тұлғалардың (Ақан сері, Біржан сал) тарихы мен екінші дүниежүзілік соғыс батырлары (Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин және т.б.) туралы тың ақпараттар оқуға болады.

Бүгінгі таңда Көкшетау-Нұр-Сұлтан автожолы бойында жаңадан орнатылған Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Кенесары хан ескерткіштеріне QR-кодтар қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, XIX-XX ғасырдағы сәулет-өнер ескерткіші саналатын «Көкшетау қаласының тарихы музей ғимаратына» және «Юность» кинотеатр ғимаратына QR-код орнатылды.

Айта кетейік, Ақмола облысында 4 республикалық ескерткіш, 1032 жергілікті ескерткіш және 757 нысан тіркелген. «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының І томына Ақмола облысынан 200-ден астам тарихи-мәдени нысан еніп отыр. Аталған жұмыстар «Ескерткіштер сыр шертеді» жобасының аясында жүзеге асып жатыр.