08 сәу, 2020 сағат 15:25

Ақмола облысында көз жұмған әйелден коронавирус қайтыс болған соң анықталды

Ақмола облысында коронавирустан қайтыс болған 1929 жылы туған әйел бұған дейін вирустан көз жұмған 1947 жылғы ер адаммен байланыста болған.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде, науқас 6 сәуірде қайтыс болған. 7 сәуірде мәйітханада жүргізілген зерттеу кезінде одан коронавирус табылған. Ресми органдар әйелдің бірнеше аурумен ауырғанын айтты. 

Марқұм артериялық гипертензия, ортан жіліктің мойын сынығы, ДЭП, паркинсионизм, жүрек ишемиясы, стенокардия, созылмалы бронхит диагноздарымен тіркеуде тұрғаны хабарланды.

"2019 жылдан бастап жасы ұлғайғаннан кейін жүрегі мен тыныс алу жолдарының жағдайы нашарлаған. Ол үнемі төсек тартып жатқаннан кейін оның жағдайы одан сайын қиындаған. 2020 жылғы 1 сәуірде жағдайы тағы нашарлап, тыныс алуы қиындаған. 6 сәуірде қайтыс болды" деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.

Қазақстанда барлығы жеті адам вирустан қайтыс болған. Ақмола облысында - 3, Нұр-Сұлтанда - 1, Қарағанды облысында - 1, Түркістанда - 1, Шымкентте бір адам қайтыс болған. 53 адам айыққан.