#
#
Жұма 18/08/2017

Түймебаев: Әкімдердің жұмысы сыртқы инвестиция тартумен бағаланатын болады

  • 07.08.2017
  • 2
  • 387

Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына сыртқы инвестицияның қосар үлесі зор болуы керек. Ол үшін аудан әкімдері кәсіпкерлер мен инвесторларға барлық тиісті жағдайларды жасауға міндетті. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен селекторлық отырыста аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім округ басшыларынан жыл соңына дейін аяқталуы тиіс құрылыс нысандарындағы жұмыстарды жылдамдатып, сапалы әрі мерзімді аяқтауға қол жеткізуді талап етті.

Селекторлық отырыстың күнтәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы облыстың 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы индикаторларының 6 айлық орындалу жайы сөз болды. Бұл ретте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов өңірге 180,6 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылдың тиісті кезеңінен 33 пайызға артқанын атап өтті. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ұлғаюы мұнай өндіру зауытының жаңғырту жұмыстарының есебінен орын алып отырғанын, әрі бұл көрсеткіш республика бойынша 1-орында екеніне тоқталды. Десек те, бірқатар аудан қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар төмен деңгейде жүргізілуде. Осы мәселеге нақты мән берген өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне тиісті ескерпелер жасап, тапсырмалар жүктеді.

«Аудан-қала әкімдерінің жұмысы осы сыртқы инвестиция тарту көрсеткіштеріне қарай бағаланатын болады. Жыл соңында барлық әкімдердің жұмысы сараланғанда осы мәселеге мән беріледі. Сондықтан қарап отырмай сыртқы инвесторларды қызықтыратын жақсы жобаларды әзірлеп, мемлекет тарапынан жасалынатын барлық жағдайларды тиісті деңгейде атқарғандарыңыз жөн», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Селекторлық отырыста облыстық құрылыс саласы да әңгімеге арқау болды. 2017 жылы облыс аумағында облыстық құрылыс және аудан-қала әкімдіктері тапсырыс беруші болып табылатын 209 инвестициялық жобаның іске асырылуына 64,9 млрд.теңге қаралған. Құрылысы жоспарланған 209 нысанның, жыл соңына дейін 116-ін пайдалануға тапсыру жоспарланса, 93 нысан 2018 жылға өтпелі. Осы ретте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашов сөз алып, алдағы қыркүйекте 20 мектеп ел игілігіне берілетінін айтты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев болса, күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан нысандардың барысын баяндады. Сонымен қатар жиын барысында қысқы маусымға дайындық барысы да талқыланды. Әсіресе, білім ұялары мен әлеуметтік нысандардың қысқа әзірлігіне жіті мән берілуі керектігі айтылды. Жалпы облыстағы 3 209 бюджеттік мекемеден алдағы жылу маусымына 2 677-сі дайындалған.

«Жылу маусымына дайындық жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталуы керек. Жылыту маусымына қажетті көмір, сұйық отын, мазут секілді қажеттіліктер осы айдың соңына дейін жинақталып, қорда тұруы тиіс. Бұл ретте аудан-қала басшылары мен тиісті сала басшылары апталық есеп беріп отыратын болады», - деді облыс әкімі.

2 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР