05 қыр, 2017 сағат 20:31

Әкім: БҚО-да малшылар полигон аумағына мал жаяды

Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымыранның әуедегі ізі.

"Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданының 111 шаруа қожалығы Ресей әскерилерінің Қазақстаннан жалға алған жерлерінде мал бағып, шөп шабады", деді бүгін аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов аймақтық коммуникация қызметінде.

Әкімнің сөзінше, ауданның бір миллион гектардан асатын территориясының 945 гектар аумағын ресейлік әскерилер жалға алған. Полигон есебінде жалға алған жер қауіптілігі жағынан үш категорияға бөлінеді. Бірінші категориядағы жерде ресейлік әскери бөлімдер орналасқан. Ол территорияға кіруге тыйым салынған. Екінші және үшінші категориядағы территорияларда 111 қожалық орналасқан. Ол аумақтарда жергілікті малшылар мен фермерлер "мал бағып, шөбін шабады". Қауіптілігі екінші категорияға жататын жерде "әскери сынақ жасалатын кезде малшылар ол аумақтан шыға тұруға мәжбүр болады және үлкен құрылыс салуға болмайды".

- Сынақ кезінде территориядан тез арада шығып кету керек. Малшылардың сынақ басталғаны туралы дер кезінде хабарланбай, территориядан шығып үлгермей қалатын кездері де болады. Әрқашан байланыс бола бермейді, - деді Нұрлан Рақымжанов.

Аудан әкімінің мәліметінше, жергілікті билік үшінші категориядағы жерлерді қайтарып алу жұмысын жүргізіп жатқанымен, әзірге 400 гектар жер қайтарылған. Мұнда қиыршық тас өндіру жоспарланған.

Бұдан өзге аудан әкімі 16 мың халқы бар Бөкей Ордасы ауданында 503 мүгедек барын, олардың 138-і бала кезден мүгедек, 58-і кәмелетке толмағандар екенін айтты. Олардың барлығына ай сайын қай топқа жататынына байланысты әскери-сынақ полигоны салдарынан зардап шегуші ретінде 12 мың теңгеге дейін өтемақы төленеді.

СССР құлаған соң Ресей Қазақстанның бірнеше миллион гектар жерін полигон ретінде жалға пайдаланып келеді. Батыс Қазақстан облысының бір бөлігін Ресейдің Капустин Яр әскери полигоны алып жатыр.

Санат Орын Әли

azattyq