27 нау, 2020 сағат 17:13

Абай опера театрының цехы маска тігуді қолға алды

Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының цехы вирустан қорғанатын маска тігіп, қайырымдылық ретінде таратуды қолға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Театр қауымдастығы бірнеше күннен бері костюм тігу жұмысын кейінге қалдырып, вирустан қорғану маскаларын әзірлеп келеді. Біздің тігін цехының шеберлері осындай қиын кезеңде де шығармашылыққа басымдық беруде. Бір реттік және бірнеше рет қолдануға болатын дизайнерлік маскалар жақын арада еріктілерге жіберіледі. Осылайша, алматылықтарды вирустан қорғауға үлес қосып келе жатқандары үшін алғыс айтамыз», - деп жазылған театрдың Фейсбуктегі ресми парақшасында.

Сонымен бірге, 29 наурыз күні сағат 12:00-де тікелей эфирде әртістер театр өмірі туралы «ГАТОБ LIFE» жаңа жобасын ұсынады. 

Жобаны театрдың Youtube, Facebook, Instagram парақшаларынан тамашалауға болады. Көрермендермен алғашқы онлайн кездесу «Корсар» балетіне арналмақ. 

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 135-ке жетті.