#
#
Жексенбі 25/08/2019

Абай өлеңін оқу эстафетасына қатысқан орыс қызы көпшілік көзайымына айналды

  • 16.07.2019
  • 0
  • 902

Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырған Тараз қаласының тұрғыны Виктория Трегубованың видеосы желіде кең тарады, деп хабарлайды Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушысы Ләйлім Ерланқызынан қабылдап, көпшілікке жолдаған хакім Абайдың 175 жылдығына арналған ақын өлеңдерін оқу эстафетасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қызу қолдау білдіруде. Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен барлық өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер бұл акцияға бірден атсалысып, жұмыла жалғастырып әкетті. 

Қатысушылардың арасында Тараз қаласының тұрғыны Виктория Трегубова да бар. Ол Абай Құнанбаевтың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңін оқып, көпшілік көзайымына айналды. Әлеуметтік желіде кең тараған бейнежазбаға 1500-ге жуық репост жасалып, тамашалаушылар саны 65 мыңнан асты.

Көпшілік Викторияға қазақ тіліне деген құрметі үшін ерекше алғыс айтып, зор ризашылығын білдірді. Олардың арасында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбай, көрнекті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов, дүлділ әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ерлан Рысқали және басқа ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары бар.


Айта кетейік, Виктория Трегубова 1998 жылы 1 маусымда Ресей Федерациясының Ульяновск облысында дүниеге келген. 2000 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылына қоныс аударған. М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген. 2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 

Қазіргі кезде Тараз қаласында тұрады. Қаңтар айынан бері Жамбыл облыстық телеарнасының «Tuski time» бағдарламасының тәлімгер-жүргізушісі. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Радонеж» орыстар қоғамы бірлестігінің мүшесі және ҚХА Жаңғыру жолы жастар қозғалысының белсендісі.


«Отбасында екі ағайындымыз. Өзімнен үш жас үлкен ағам Владислав та қазақ мектебін бітірген, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Анам Светлана Степановна – метеоролог, әкем Вячеслав Александрович - Жамбыл облыстық обаға қарсы күрес станциясының қызметкері. Нағашы жұртым – Жамбыл облысынан, анам Ұланбел ауылында туып-өскен. Ресейге қыдырып барып, әкеммен танысып, екеуі шаңырақ көтерген. Арада 6-7 жыл өткенде анам әкеме туып-өскен жерін көрсетпек болып, екі баласымен төркініне қыдырып келеді. Әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, содан кейін біз Ресейге қайта оралмадық. Ауылда бір ғана қазақ мектебі болғандықтан үйдегілер бізді сол білім ошағының партасына отырғызды. Бірақ біз қазір мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергеніміз үшін мақтанамыз. Қазақы ортада тәрбиеленуіме мүмкіндік жасаған әке-шешеме мың алғыс. Өзімді көпшілікке орыстың қазақ қызымын деп таныстырамын», – дейді Виктория Трегубова.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар