#
#
Сейсенбі 15/10/2019

9 сынып оқушысы Сирияға кетпек болған

  • 03.10.2019
  • 0
  • 694

Сирияға жиһадқа кетпекші болған 9 сынып оқушысын мешіт қызметкерлері қайтарып қалды. Бұл оқиға еліміздің батыс өңірінде болған.

Жасөспірімді райынан қайтаруға күш салған теолог, дінтанушы, Нұр Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Серік Еншібай осы оқиғаны айтып берді.

«Мен «Шапағат» үкіметтік емес ұйымында еңбек етіп жүргенімде мешіт имамы шақырды. Барсам, Сирияға кетпек болған 9 сынып оқушысымен кездесуге шақырған екен. Әңгімеден байқағанымдай, бала өзі «Сирияға кеткім келеді» деп әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Артынша оған бірнеше адам байланысқа шыққан. Телефон нөмірін сұрап, шетелдік төлқұжат жасау, жолға жұмсалатын қаражат, кімдерден қарыз сұрау керек, не деп айту керек деген сияқты кеңес берген. «Қайда кететініңді ашық айтпа, Мысырға оқуға кетемін де» деп үйреткен. Оқушы енді кетемін деп жүргенде мешітте имамдардың уағызын естіген. Әлі ой-санасы қалыптаспаған жасөспірім бала имамның «Сирияға бармаңыздар, ол жақта мұсылманшылықтың иісі де жоқ, ол жақта ислам дінін саясат құралы ретінде пайдаланады» деген уағызынан ойланып барып, имамға жолыққан», - деді Серік Еншібай.

Оқушымен теолог, психолог мамандар бірнеше рет кездескен.

Психологтардың пікірінше, баланың миы теріс ағымға уланбаған.

«Балада діни түсінік жоқ. Санасы уланбаған. Салафизм, уахабизм сияқты ағымдардан хабары жоқ. Ата-анасы ажырасқан болып шықты. Анасы басқа біреуге күйеуге тиген. Бәлкім жалғыздықтан ба, бәлкім бір өміріне өзгеріс енгізгісі келді ме, әйтеуір Сирияға кетем деп бел буған. «Мен шаршадым. Отбасында жылу жоқ» деген жауап алдық», - деді теолог.

9 сынып оқушысы күйзеліске түсіп жанына желеу болатын жан таба алмай жүргенде әлеуметтік желіден, интернеттен Сириядағы бақытты ғұмыр туралы роликтер көрген.

Бұл оқиғадан соң теологтар мен психологтар баланың ата-анасымен бірнеше мәрте кездесіп, әңгіме-дүкен құрған. Нәтижесінде оқушы қоғамға бейімделіп, әлеуметтік ортаға оралды.

ҚазАқпарат

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР