18 ақп, 2019 сағат 17:12

31 мың отбасы үйдегі пешке тексеру жүргізуден бас тартқан - ІІМ ТЖК

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер тұрғын үй секторларында жүргізіліп жатқан өрттің алдын алу жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Демалыс күндері халықтың көбінде үйінде болатынын ескере отырып, азаматтық қорғау бөлімшелерінің барлық жеке құрамы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аулаларды аралап шығады. Тек өткен 2 апта ішінде жеке тұрғын үй секторында жұмыс істеу үшін Комитеттің, Төтенше жағдайлар департаменттерінің, өрт сөндіру қызметтерінің 14 511 қызметкері, өртке қарсы қызметтер мен ұйымдардың 1715 қызметкері мен 2120 ерікті тартылды», - деді Владимир Беккер ТЖК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 262 мың тұрғын үйдің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Пештерді пайдалану мен электр жабдықтау кезінде 138 мың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылығы анықталған.

«Рейдтің іс-шаралар барысында халықпен нұсқаулық жүргізіледі. Пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары, авариялық жағдайдағы ақауы бар электр құралдарын пайдалануға жол бермеу, халықтың отты абайсыз пайдаланбауы туралы жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылады. Өкінішке қарай, 31 мың үйдің иесі тексеру жүргізуден бас тартты. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша халықтың әлеуметтік топтарына жататын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары туралы көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органдарына, әлеуметтік қорғау және білім беру басқармаларына хабардар етілді», - дейді ол.

Спикер мәлім еткендей, қысқы мерзімге дайындық аясында өткен жылдың қыркүйек және желтоқсан айларында алдын ала өрт қауіпсіздігі айлықтары өткізілген. 2018 жылдың қараша, желтоқсаны мен осы жылдың қаңтар айында тұрғын үйлердегі өрт саны 2 пайызға, адамдардың қаза болу оқиғалары 27 пайызға азайғаны байқалған.