09 сәу, 2017 сағат 20:57

«-Вич» пен «-вна» дегендерден қалай құтылуға болады?

Адамды атап шақырудың дүние жүзі халықтарында әр алуан түрлері бар. Ағылшындар - мистер, мисс, сэр, француздар - мусье, мадам, испандар - синиор, синиорита, арабтар - ей, Мухамед т.б. болып кете береді. Ол шақырулардың өзі сол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіне, тілдік ортасына, дүниетанымдарына байланысты болып келеді. Әр халықтың шақыруынан-ақ оның қай халықтың өкілі екенін ажыратуға болады.

Мысалы, қазақтар адамдарды жас ерекшелігіне орай, туыстық қатынастарына қарай, қоғамдағы  қызметі мен діни атағына қарай атап шақырған. Танымайтын ер адамдар бірін бірі ақсақал, ата, әже, көке, апа, аға, жеңгей, қарындас,  балақай деп шақыра береді. Ал қоғамдағы орнына қарай батыр, қажы, биеке, байеке, молдеке т.б. деп атап жатады. Солай атау халықтың өзіндік дүниетанымын, елдің елдігін, бір билікке бағынған құрылымы бар екенін аңғартады. Сол атаулар бізді басқа халықтардан даралап, ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұрады.

Түркі халықтарында бір бірін аға деп құрметпен атау баяғыдан қалыптасқан үрдіс. Мысалы, өзбектер Ташмат ака, Иолдаш ака деп айтса, олардың «ака» дегені біздің сол аға дегеніміз. Қырғыздар да «байке» деп қарсы алып, сол байкелеген күйі шығарып салады. Олардың да «екесі» біздің ағамен түбірлес, мағыналас ұғымдар. Кеңес өкіметі орнаған 70 жылда біздің туыстық атауларымыз әр аймақта әр түрлі айтылатын болып кетті. Әсірісе мемлекеттік мекемелерде атына әкесінің атын жапсырып айту дәстүрге айналып алды. Таза қазақы ортадан шыққан адамдар үшін ол бір моладағы жазуды оқып тұрғандай ыңғайсыз естілетіні жасырын емес. Пәленше Түгеншеқызы немесе Түгенше Пәленшеұлы деп айту расында да таза қазақы ұғымға сай келеді дей алмас едік. Классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің «Арыстанбайдың Мұқышы» деген әңгімесі қазақы атаудың нағыз үлгісін көрсетіп тұрған жоқ па? Мен Пәленше Түгеншеұлы деп құжатқа, есікке, тағы да басқа ресми жерлерге жазуға қарсы емеспін, тек ауызша айтуға соның ыңғайсыздау екенін ескерткім келеді.

Сонау түркі дәуірінен келе жатқан әке-шешемізге қаратып айтылатын «апа», «көке» деген атауларымыз, «мама» мен «папаға» ауысып, әбден бекіп алды. Тоқсаныншы жылдары әкелерін «папа» емес «әке» немесе «көке», шешелерін «мама» емес «апа» деп атайтын бір жақсы үрдіс басталған еді, сол қазір өзінің жалғасын таппай  тоқырап қалған секілді. «Папа" мен «мама» қайтадан белең алып кетіп барады. Оны аз десеңіз, әпкелерімізді «тәте», кей кезде тіпті «әпше» қылып жібердік. «Әпке» дегенннің өзі «апа-еке» деген екі сөздің қосындысы екенін естен шығарып алған сияқтымыз.

Ана сәбиі дүниеге келгенен жігіт болып ат жалын тартып мінгенше баласының қасында болады, баланың тілі де, тәрбиесі де сол анасына қарап қалыптасады. М. Әуезовтің  «алдымен бесігіңді түзе» дегенінің жаны бар сөз екенін осыдан-ақ ұғуға болады. Сондықтан балаға анасы қалай үйретсе, ол солай қабылдайды. 

Осы күні қазақтың «жиен» деген атауы да біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқан сияқты. Әжептеуір жасқа келген көзқарасы қалыптасқан, елге танымал деген ағаларымыздың өздері қыздарынан туған жиендерін «жиен» деп атаудан  қашқақтап, «немерем» деп атауға әуес болып алды. Бұл қыздың көңілін қалдырмауға тырысудан туған амал ма, не болмаса орыстың жиенді немере деп қабылдайтын дәстүрінен сіңісті болды ма, әлде кейінгі жылдары бала санының аздығына байланысты пайда болған құбылыс па, оны тереңдеп зерттеп, зерделей алған жоқпыз.

Ал қазақтың «әйел», «күйеу» деген атаулары бүгінде толығымен қолданыстан шығып қалды десе де болады. «Күйеуім», «әйелім» дегеннің бәрін «жолдасым» деген сөз алмастырып алғалы қашан. Сонда біздің қазақ сөздің мәнін түсінуден қалған ба? Артында жолмен бірге еріп келе жатқан  келе жатқан ит те адамға жолдас емес пе? Сонда күйеу, әйел тек жолдас қана болып қалғаны ма? Кейде күйеуі қайсы, әйелі қайсы айыра алмай дал боласың? Екеуі де бірін бірі жолдасым деп тақылдағанда, бұлар бір үйдің ерлі-зайыпты адамдары емес, бірге жұмыс істейтін дос-жаран немесе көңілдестер екен деп қаласың. Олардың ойынша «күйеу», «әйел» деген сөздер дөрекі естілен сияқты. Өзіміз көп еліктейтін орыстар да әйелін немесе күйеуін «Это мой товарищ» деп таныстырмайды ғой.

Қазіргі кезде қай мекемеге кірсеңіз де бірін бірі атына әкесінің атын қосақтап атауды үрдіске айналдырып алған. Оған машықтанып алғанымыз сонша кейбір адамдарды «пәленшеке» деп атасаң тағынан түсіп қалғандай ренжіп, мені «Койчибай Чупчибаевич немесе Кульпара Культаевна» деп атаңыз деп ескерту жасап жатады. Сонда, қазақтың «аға», «апа» деп сыйлаған «екесінен» «-вичті» қосып айту әлде қайда артық болғаны ма? Әлде қазақта бірін бірі сыйлап шақыратын атаудың болмағаны ма? Меніңше қазақ әуелі бірін бірі толық қазақша шақырып алмай тұрып ешқашан да таза қазақ бола алмайды.

«-вич пен -вна» деген сыйласымдылық салты дүние жүзінде орыстардан басқа бірде-бір халықта қолданылмайды екен. Қазақ дәстүрінде өзінен үлкен адамның атын ол кісінің көзінше атау, оған әкесінің атын қосақтап атау әдепсіздік, тәрбие көрмегендікке саналады. Ал егер ол сол елдің келіні болса, онда мәселенің мүлдем шиеленіскені деп ойлай беріңіз. Яки біз орыстың осы бір шақыру рәсімін қабылдай отырып өзіміздің мыңдаған жылдар бойы келе жатқан салт-дәстүрімізді мансұқтаған болып шығамыз. Ал керісінше «пәленшеевич» деп әспеттеу орыстың нағыз орыстығын, бір-біріне деген жүрек жылуын білдіреді. Оны орыстың белгілі жазушысы Леонид Андреевтің «Баргамот и Гараська» деген әңгімесіндегі мына бір үзіндіден де айқын аңғаруға болады. Негізгі ой түсінікті болу үшін мәтінді аудармай орыс тілінде бергенді жөн көрдік.  Әбден азғындаған, ішкілікке салынған Гарасканы пасха күні қала сақшысы Баргамот (городовой) үйіне ертіп келеді. Дастархан жайып, адам сияқты қонақ қылып күтеді. Таза дастарханды өзінің былапыт тамақтануымен былғап отырған Гараськаға Баргамоттың әйелі іштей ұнатпай отырса да ілтипат көрсетіп былай дейді:

«– Кушайте, кушайте, – потчует Марья. – Герасим… как звать вас по батюшке?
– Андреич.
– Кушайте, Герасим Андреич.   Гараська старается проглотить, давится и бросив ложку, падает головой на стол прямо на сальное пятно, только что им произведенное. Из груди его вырывается снова тот жалобный и грубый вой, который так смутил Баргамота. Денники, уже переставшие было обращать внимание на гостя, бросают свои ложки и дискантом присоединяются к его тенору. Баргамот с растерянностью и жалкою миной смотрит на жену.                                                           .                           

– Ну, чего вы, Герасим Андреич! Перестаньте, – успокаивает та беспокойного гостя.

– По отчеству… Как родился, никто по отчеству… не называл…» 

Байғұс Гараска  өзін әкесінің атымен қосып атағанына дән риза. Ол оны жылдар бойы аңсап келген. Туғалы бері мұндай құрмет пешенесіне бұйырмаған байғұстың еңіреп өкіре жылауының да мәні сол екен. Ал салты басқа, діні мен тілі басқа біз үшін оның қандай маңызы бар? Сонда біздің өздерін әкесінің атымен қосып атауды талап ететін қандастарымыздың Гараскадан не айырмашылығы бар? Егер ресми атау керек болса қазақтың мырза, ханым деген сөздерін неге пайдаланбасқа. Ол әрі кез-келген адамның мәртебесін көтереді, әрі айтуға оңай. Бұл туралы тыңғылықты ойланатын уақыт келген сияқты ағайын.

Ағила Хасанқызы

Ұлт порталы