06 жел, 2018 сағат 16:29

«Нұр Отанның» жобасы аясында Шығыс Қазақстандағы барлық мектепте ІТ-сынып ашылмақ

Бұл туралы бүгін облыс орталығында өткен республикалық «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ-форумында белгілі болды. Форум жұмысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев және облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін партия тарапынан тегін ІТ-сыныптар мен ІТ-орталықтар ашу сияқты нақты жобалар қолға алынғаны белгілі. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 782 ІТ-сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушылары білім алуда. Соның ішінде 277 ІТ-сынып Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Бұл көрсеткіш бойынша Кенді Алтай өңірі елімізде көш бастап тұр. Облыс әкімі келесі жылы өңірдегі барлық мектепте ІТ-сынып ашылатынын айтты.

Өңірде ашылған 2 ІТ-орталықтың да жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтарда 544 шығысқазақстандық азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алды. Осындай жұмыстардың арқасында партия ұйымдастырған ІТ-олимпиадаға қатысушылар қатарында шығысқазақстандықтардың көп болғанына назар аударған жөн.

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай бастамалар жастарымыздың ХХІ ғасырдың мамандықтарын игеріп, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына септігін тигізетінін айтты.

– Мұндай бастамалардың елімізді жаңа белестерге шығаратыны сөзсіз. Өйткені дәл қазіргі таңда ІТ-технологиялар серпінді дамудың негізі болып отыр. Сондықтан партиялық жобаларды бір салаға ғана емес, барлық салаға бағытталған жұмыс деп қарастыруымыз керек. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Келесі жылы облыстың барлық мектебінде ІТ-сыныптар ашылып, жастардың жаңа заман мамандықтары бойынша сапалы білім алуына жағдай жасалмақ. Облыстың бұл белсенділігі бүкіл Қазақстан үшін үлгі екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар форум барысында «Үздік ІТ-шешімдер мен стартап жобалар» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл ретте қатысушылардың дені жастар екенін және олардың негізінен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын жобаларды ұсынғанын айта кеткен жөн.

Алтай өңіріне сапары барысында Мәулен Әшімбаев Облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа арнайы барып, роботтандырылған хирургиялық бөлімнің жұмысымен танысты. Сондай-ақ ол партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады.