22 қар, 2021 сағат 04:59

Украина барлау қызметі: Қаңтар-ақпан айларында Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін


Келесі жылдың қаңтарында немесе ақпанның басында Ресей Украинаға қарсы белсенді әскери қимыл бастауы мүмкін. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов Military Times басылымына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Азаттық.

Будановтың сөзіне қарағанда, қазір Ресей Украинамен шекарасына 92 мыңнан астам әскери қызметкерін шоғырландырған. Қыс түсіп, күшті аяз болса да басып кіру қаупі күшеймесе азаймайды, қатты аяз Ресейдің де, Украинаның да әскеріне үлкен проблема емес.

Украина барлау қызметі басшысының сөзінше, Ресей әскерінің қимылы 2014 жылдағыдан әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін. 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, көптеген куәлердің сөзінде қарағанда Донбастағы сеператистерге қарулы көмек көрсеткен (Ресей мұны жоққа шығарды).

Будановтың айтуынша Ресей әуеден соққы беріп, Одесса мен Мариупольға десант түсіруі, бронды техникасын қосуы мүмкін. Әскер операция үшін Беларусь жерін де пайдалануы ықтимал. Ресейдің негізгі нысанасы бұрынғыша Украинаның оңтүстігі мен шығысы және Владимир Путиннен бастап Ресейдің бірқатар саясаткерлері айтып жүрген "Новороссия" аймағы болады.

Басып кірмес бұрын әуелі Ресей Украинаның ұрыс қабілетіне нұқсан келтіретін "психологиялық операция" жүргізеді, - дейді Буданов. Оның сөзінше, бұл үшін экономикалық, әлеуметтік жағдай мен коронавируспен күрес шараларына наразы көңіл күйді пайдаланып, Украинада бей-берекетсіздік туғызуды көздейді.

Ресейдің Украинаға шабуыл жасауға "дайындығы" жайлы АҚШ әкімшілігі мен барлау мәліметтеріне сүйеніп, Америка баспасөзі де жазған. Бірақ олар Кремль нақты шешім қабылдаған жоқ деген болатын.

New York Times "Владимир Путиннің Украина жерінің үлкен бөлігін басып алу немесе Украинада тұрақсыздық туғызып, билікке ресейшіл президент келетіндей жағдай туғызу мақсатында әскери операция қарастыра бастағанына Америка мен Британияның барлау қызметі күн өткен сайын көз жеткізіп келеді" деп хабарлаған.

"Еуропа Ресей табиғи газына айтарлықтай тәуелді болған соң "Ресей Украинаға қарсы әскери операциямызға қарсы Еуропа бел шешіп кірісе қоймайды" деп үміттенеді деп жазады басылым.

Ресми Вашингтон мен оның Еуропа одағындағы серіктері Ресейдің Украина шекарасы бойына әскери күштерін шоғырланып жатқанына алаңдаушылық білдірген.

НАТО-ның Ұлыбритания сияқты кей елдері Ресейдің әскери пиғылын тежеу үшін Украинаға әскер жіберуді көздеп отырғанын хабарлаған. Ресми Киев Ресейдің басып кіру қаупін бастапқыда жоққа шығарғанымен кейін алаңдай бастаған.

Кремль Украинаға қарсы қандай да бір әскери операцияға дайындық туралы ақпараттарды теріске шығарған және әсіресе "Қара Теңіздегі жағдайды ушықтырып отыр" деп Батысты кіналаған. Ресей сыртқы істер министрлігінің алқа отырысында сөйлеген Путин "Ресей Батыстан өз қауіпсіздігіне кепілдік алуы керек" деп мәлімдеген.