09 ақп, 2024 сағат 00:44

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні


45 жыл ғұмырында сан ғасырға азық боларлық мол қазына қалдырған ақын Мұқағали Мақатаев Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Ақынның азан қойып шақырған аты — Мұхаметқали. Бірақ ата-анасы пайғамбар атымен жүру ауыр тиеді деп сәби күнінен "Мұқағали" деп еркелеткен. Мұқағалиден кейін бір қыз, үш ұл дүниеге келеді. Осылардың ішінде бір ұл мен қыз сәби күнінде шетінейді.

Мұқағалидің әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа адамы болып жүріп, кейін отандастарымен бірге майданға аттанады. Ал анасы Нағиманға ақын аса жақын болмаған. Оны жеңге есебінде көрген. Бұл отбасындағы тұңғыш ұлдың ата-әже қолында өсуімен байланысты болса керек. Өзінен кейінгі інілері Тоқтарбай мен Көрпешке ерекше қамқор болып, ерте есейеді.

Мұқағали жастайынан әдеби шығармаларды сүйіп оқып, 14-15 жасынан өлең жаза бастайды. Қазақ классиктерінен бөлек, Есенин, Пушкин, Блок, Гейне, Гете, Дюма, Драйзер, Байрон, Бальзак, Шекспир және Лондонды сүйіп оқиды. Нарынқолдағы орта мектеп интернатта білім алып, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, шет тілдер институтында, кейін ҚазМУ-дың заң факультетінде оқиды. 1973 жылы Мәскеу қаласындағы Максим Горький атындағы әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ бұл оқуын да соңына дейін тәмамдамай, бір жылдан кейін елге оралады. Өзінің айтуынша, бұған балаларына деген сағынышы мен оқу бағдарламасына көңілінің толмауы себеп болған.

Университет қабырғасында білім алмауды жөн көрген ақын ауылдық кеңес хатшысы, туған ауылында орыс тілі пәнінің мұғалімі, аудандық газет тілшісі қызметін атқарады. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1950 жылдан бастап жарық көре бастайды. Кейін өзінің шығармашылық қарым-қабілетіне үлкен сенім артып, 1962 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Алып шаһарға келген соң "Қазақ" радиосында диктор, "Социалистік Қазақстан" газетінде тілші, "Жұлдыз", "Мәдениет және тұрмыс" журналында мәдени қызметкер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, жазушылар одағының поэзия бөлімінде кеңесші қызметін атқарады. Алматыда қаржылай қиындықтарға тап болғанына қарамастан, осылайша ақын әрдайым қара өлеңге деген махаббат отын тұтатып отырды.

Мұқағали Мақатаевтың алғашқы жыр жинағы 33 жасында шыққан. Бұдан кейін 1964-76 жылдар аралығында сегіз жыр жинағы жарық көреді. Бүгінде ақыннан 1 000-нан астам өлең мен поэма қалды. Ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала — Әкітай" өлеңдері 1949 жылы "Советтік шекара" газетінде басылып шықты. Бұдан кейін 1951 жылы "Інімнің ойы", "Шебер" өлеңдері "Жастық жыры" атты жинаққа енді. Мұқағали Мақатаев поэма мен поэзиядан бөлек, аударма да жасаған.