30 қаз, 2025 сағат 15:07

Жылу маусымына дайынбыз ба?


Коллаж:  Ult.kz


Қыстың алғашқы лебі сезілген сәттен-ақ, ел ішінде ең өзекті сұрақтардың бірі «Биыл жылудан қиындық болмай ма?» деген сауал. Өйткені соңғы жылдары Риддер, Екібастұз, МАЭК жылу электр орталықтарында болған апаттар қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етіп келеді.  Дәл осы мәселені «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, депутат Бейсенғалиев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында көтерді. Осы орайда Ult.kz тілшісі депутат Берік Бейсенғалиевтің сауалына орай аймақтардағы жылу жағдайын анықтап көрді.

 

Депутаттың айтуынша, ел бойынша жылу жүйелерінің орташа тозу деңгейі 52%-ға жеткен. Ал жылу электр орталықтарының 76%-ы жарты ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Мұндай көрсеткіштің салдары – жиілеген апаттар, жылудың үзілуі және артық энергия шығыны.

 

Мәселен, зерттеу нәтижесінде Жамбыл облысының Шу қаласында 70%-ға, Орал қаласында ЖЭО 86%-ға дейін, Қарағанды қаласында 81%-ға, Павлодарда 79%-ға жеткені және Қостанай облысының Арқалық қаласында 70%-ға дейін тозған.

 

Депутат бұл жағдайдың түпкі нәтижесінде зардап шегетін – қарапайым тұрғындар екенін атап өтті. Сондықтан ол Үкіметке бес нақты ұсыныс жасады:

 

– Тозығы 60%-дан асқан жылу желілерін жаңғыртуды жеделдету;
– Қаржыландыруды орта және ұзақ мерзімді бюджет жоспарына енгізу;
– Энергия үнемдеу және баламалы технологияларды кеңейту;
– Инвестиция тарту мен «жасыл облигацияларды» пайдалану;
– Сала мамандарын даярлауға және отандық жабдық өндірушілерін қолдауға басымдық беру.

 


Шу қаласы: «Дайынбыз, бірақ тәуекел бар»

 

Шу қаласындағы «Шу жылу» мекемесінің инженері Ержан Русланұлы қаладағы жүйелердің тозуы 54,9%-ды құрайтынын айтты. Оның айтуынша, бұл деңгеймен қыстан қиындықсыз шығуға мүмкіндік бар.

 

«Кейбір учаскелерге ғана жоба жасап, қаржы сұрадық. Қазіргі уақытта барлық дайындық жасалды, 4 қазаннан бастап бірқалыпты жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, техника болған соң, істен шығу мүмкін. Бірақ халық қыс ортасында жылусыз қалмайды деген сенімдеміз», – деді ол.

 


Орал қаласы: «Жөндеу жұмыстарына 895,9 млн теңге бөлген»

 

Оралдағы «Жайық жылу қуат» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Камешов депутаттық сауалда көрсетілгендей 86% емес, нақты тозу деңгейі 49,8% екенін нақтылады. Кәсіпорын 2025–2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстарына 895,9 млн теңге бөлген. Оның ішінде:

 

– ЖЭО жөндеуге – 565 млн тг;
– Газ турбиналық құрылғыға – 23 млн тг;
– Жылу желілерін қайта құруға – 330,8 млн тг бөлінген.

 


Биыл жалпы ұзындығы 5,5 км жылу трассасы жаңартылған. Ал «Орал қаласында ЖЭО коллекторынан «Сити Центр» түйініне дейінгі ТМ-2 магистралін реконструкциялау» жобасы 2026 жылға дейін жоспарланғанымен, нысан мерзімінен бұрын – 2025 жылғы 18 қазанда пайдалануға берілген екен. Бұл жоба нәтижесінде 10 мың тұрғын, 43 көпқабатты үй және 7 әлеуметтік нысан үздіксіз жылумен қамтылып жатыр.

 

«Қала бойынша барлық 1217 көпқабатты үй толық дайын. ЖЭО жөндеу жұмыстары 100% аяқталды. Биылғы жылыту маусымы тұрақты режимде өтуде, ешқандай ақау тіркелген жоқ», – дейді Бекболат Камешов.

 


Еліміздегі жылу инфрақұрылымының тозуы бүгіннің емес, ондаған жылдар бойы жинақталған мәселе. Алдағы қыс осы жұмыстардың нәтижесін сынайтын кезең болмақ. Сондықтан «жылу маусымына дайынбыз ба?» деген сұрақтың жауабы – тек дайындық актілерінде емес, тұрақты жылу мен тұрғындардың ризашылығында көрінетін болады.


Осы материалды дайындау барысында депутат атаған Қараған, Павлодар, Арқалық қаласының да жауапты мекемелеріне хабарластық. Алайда олар нақты жауап бермеді.

 

Ақбота Мұсабекқызы