Көрнекі фото:gov.kz
Жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласына мемлекеттік аудит жүргізді. Нәтижесінде миллиардтаған теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова "Жылумен жабдықтау саласындағы басқарудың, тартылған қаржының жылу энергиясын өндіру және беру объектілерінің нысаналы пайдалануы мен инвестициялық бағдарламаларды орындауының тиімділігіне мемлекеттік аудиттің" қорытындысын таныстырды.
Президенттің тапсырмасымен 2022-2023 жылғы жылыту маусымында бірқатар өңірде жылу электр орталықтарында болған төтенше жағдайларға байланысты Жоғары аудиторлық палата тексеру комиссияларымен бірге жылумен жабдықтау саласындағы басқару тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген.
"47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізілді. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының және 480 млрд теңге активтердің пайдаланылу тиімділігі тексерілді. Нәтижелері бойынша 23 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығындар және жіберіп алған пайда анықталды", - деп мәлімдеді Годунова.
Айтуынша, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 250 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген.
"Алайда бүгінде ресурстардың аз болуы жылу-энергетика жүйесінің қажетті "берік қорын" және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етпейтіні бәріне түсінікті. Бұған еліміз бойынша жылу электр орталықтарының негізгі жабдықтарының орта есеппен 66%-інің тозғаны және жылу желілерінің орта есеппен 54%-інің тозғаны дәлел бола алады", дейді аудиторлық палата төрағасы.
Жылу электр орталықтарының 76%-і – 50 жылдан астам, 24%-і – 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Жылу электр орталықтарының орташа қызмет ету мерзімі — 61 жыл.
Апатсыз тоқтаулар саны да жыл сайын артып барады. Тек 2021 жылы олардың саны 22%-ке өскен. Шығарындылар мен жылу ысырабының деңгейі жоғары екені байқалады.
Годунова мемлекеттік комиссияның тапсырмасымен энергетика министрлігі барлық объектіге техникалық аудит жүргізгенін атап өтті. Олар аудит нәтижесін бүгін хабарлауы мүмкін.