02 қыр, 2021 сағат 14:27

Жыл сайын 18 млн гектар егістік эрозияға ұшырайды – сенатор


ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев республика жерлеріндегі топырақ сапасы жөнінде Премьер-Министр Асқар Маминге сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор биылғы қуаңшылық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларының әлсіз жақтары мен кемшіліктерін анықтады деп санайды. Әли Бектаев ғылыми негізделген агротехнологиялардың енгізілмеуіне, топырақты мелиорациялау және жерді суару режимінің сақталмауына байланысты ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығы жылдан жылға төмендеп келе жатқанына алаңдаулы. 

«Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, суармалы жерлер мен ондағы егіс алқаптарының деградациясы 10%-ға, орман жерлері 8%-ға жетіп отыр. Ауыл маңындағы жерлерді бақылаусыз, жүйесіз пайдалану салдарынан еліміздің басты байлығы – жайылымдардың өзі 20-60% аралығында тозған», - деді Әли Бектаев Сенаттың бүгінгі отырысында.

Депутаттың айтуынша, топырақ сапасын сақтау бойынша мемлекеттік саясаттың болмауынан егіс алқаптары мен жем-шөп алқаптары да қысқаруда. Бұл, өз кезегінде, жалпы аграрлық сектордың дамуына теріс әсер етеді.

«1990 жылдан бері ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін алқап 40%-ға кеміп, ал мал азығын өндіретін жерлер 70%-ға қысқарған. Суармалы жерлердің оннан бір бөлігі құнарлылығын жоғалтқан. Мелиоративтік жағдайының төмендеуінен 15 пайызы пайдаланудан шыққан. Жыл сайын 18 млн гектар егістік жерлер жел және су эрозиясына шалдығуда», - деді сенатор. 

Әли Бектаев 2021-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға топырақты сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін бірқатар нақты шараларды енгізуге шақырды. 

Сенатордың пікірінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығы алқаптарының топырағына агрохимиялық зерттеулер жүргізу және оларды қалпына келтірудің кезең-кезеңімен жоспарын қалыптастыру маңызды.

«Сонымен бірге, топырақ сапасының өзгеруін ғана емес, жалпы экологиялық жағдайды үнемі бақылайтын ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға мемлекеттік қолдау көрсету маңызды. Осы орайда цифрландыру мен жер ресурстарына космомониторинг жүйесі масштабын кеңейту қажет», - дейді Ә. Бектаев.