01 ақп, 2022 сағат 10:47

Жыл басынан бері коронавирус жұқтырғандар саны 250 мыңға жетті - Ажар Ғиният


Жыл басынан бері коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың саны 250 мыңға жеткен. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда жағдай тұрақтанып келеді. 

Жыл басынан бері республикада 250 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды, соңғы аптадағы жағдайлардың орташа тәуліктік көрсеткіші 8 мыңға дейін жетті», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, эпидахуалды бағалау матрицасында бүкіл республика және 14 өңір «қызыл» аймақта тұр. Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы «сары» аймаққа өтіп, Түркістан облысы «жасыл» аймаққа шықты. 

Қаңтар айында КВИ-дан өлім-жітім деңгейі желтоқсанмен салыстырғанда 1,3 есеге төмендеген.

«Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейі 2,4 есе өсті. Бұл ретте аурудың ең көп өсуі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады (6 есе).

Сырқаттанушылық 7 өңірде: Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы қаласында 2-ден 6 есеге дейін өсті. Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында 2 есеге дейін өсім байқалды», - деді Ажар Ғиният.

Осыған байланысты министр жергілікті атқарушы органдарға халықтың арасында КВИ профилактикасы шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.