21 мам, 2025 сағат 14:10

Жұмыссыздықты жоямыз десек жалған мәлімет беруді тоқтату керек! – депутат ресми статистикаға шүйлікті


Фото: egemen.kz

Парламент Мәжілісі депутаты Нартай Сәрсенғаиев елдегі жұмыссыздық туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметі қате көрсетілгенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Ult.kz

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың бірінші  тоқсанында Қазақстан халқының 4,6 проценті, яғни 451 515 азамат жұмыссыз деп көрсетеді. «Бұған кім сенеді?» деген депутат табақтай дипломы барлар да жұмыс таппай табанын таусылғанын айтады.

«Менің қолымда 16 мамырда басылған ресми дерек бар, мұнда Қазақстан халқының саны 20 261 486 адам деп көрсетілген. Соның 11 496 447–сі еңбекке қабілетті деп жазылған. Яғни олар жұмыс істеуі қажет. Бірақ Қазақстанда зейнетақы жинағына көк тиын аударылмаған және әлеуметтік аударымдары мүлдем жоқ халық саны 5 244 664 адамға жеткен! Ендеше Қазақстанда 11,5 миллион адам еңбекке қабілетті болса, оның 5,2 миллионында әлеуметтік аударым мүлдем жоқ болса демек азаматтарымыздың тең жартысы жұмыссыз демеске амал бар ма? Жұмыссыздар саны 4,6 пайыз деген деректің шындыққа сәйкес келмейтініне осы дәлел емес пе? » – дейді ол.


Н. Сәрсенғалиев елдегі жұмыссыздықты жою үшін алдымен жалған мәлімет беруді тоқтату керек екенін жеткізді.

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

Депутаттың сөзінше соның салдарынан халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға берілген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатыр. 

Сонымен қатар Сәрсенғалиев Жоғары аудиторлық палатаның есебінен дерек келтірді: 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төледік. Соңында соның тек 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. 

«Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың  әрқайсысына айына 117 960 теңге төленді. Соған қарамастан тек 7400 жас азамат қана жұмысқа орналасыпты. 

Қазір елімізде 5,7 миллион жас азамат бар, соның 3,7 миллионы еңбекке қабілетті. Еңбек министрлігі 2024 жылы жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар арқылы 236 037 жас қазақстандықты қызметке тұрғыздық деп есеп берді. Бірақ былтыр тек 203 607 жас азамат қана зейнетақы қорына аударым жасаған.

«Қалған 33 мың жастың әлеуметтік төлемдері қайда? Расында олар жұмысқа тұрды ма, жоқ па? Әлде жастар жалған статистиканың құрбанына айналды ма? Немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жастарды әлеуметтік аударымдар жасалмайтын күмәнді жұмысқа тұрғызды ма жауапты органдар? » – деді ол. 


Депутаттың тағы бір мысалы: «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» бағдарламасына қатысқан 1 415 түлектің 471-і ғана жұмысқа орналасқан. Ал түлектерді өңірлерге бөлу оларды жұмыспен қамту орталықтарына тіркеумен аяқталған. «Біз өзі кімді алдап жүрміз сонда?»  – деп күйінген депутаттың сауалы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектеновке жолданды.

Ұсыныстар:

1. Қазақстандағы жұмыссыздардың санын есептеу методикасын қайтадан жасау қажет. 

2. Халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға жұмсалған қаражатқа толық тексеру өткізу керек. 

3. Кәсіпкерлікке ынталы жастарға микрокредит беруге арналған бағдарламаны қайтадан іске қосып, микрокредит алу үшін кепілдік құнын қайта қарау керек, себебі ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік кепіл ретінде жарамсыз болып қалады. 

4. Жұмыс берушілерге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу қажет;

5. «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту керек;

6. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасу кезінде «Жасыл ел» сынды маусымдық жұмыстардан немесе қызмет көрсету саласындағы  жұмыстардан зейнетақы қорына түскен қаражатты есепке алмау қажет.