Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге жайған терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбарға көкке ұшқан теңеліп ем мен алғаш.
Шөңгелері табанға кіріп қалған кіршілдеп,
бозторғайы төбеде тұрып қалған шыр-шыр боп.
Боз жусанның демімен желпіп беріп тынысты,
көлбеп қалған белдері, аунап қалған құмы ыссы.
Тек менімен кетердей жұмыр саурын төңкере,
Көтеріле түскен де, қалып қойған сол төбе.
Ғайса пайғамбар Хақтан бұйрық алып,
сонда әлгі
Қанаты жоқ иығын – қос топшысын қомданды.
Ұшарында астына табанының тас салған...
Қанатсыз-ақ, деседі, ұшу содан басталған.
Хақ бұйрығы алдында қанат деген бұйым да,
қанатсыз-ақ, пайғамбар кетеді ұшып құйындап.
Ауырлығын Аллаға білдірмеуге тырысып,
қара тас та кетпек боп пайғамбармен бір ұшып
көтерілген орнынан,
Қырланғанмен ол надан,
қырлы тасқа ұшуға Хақтан бұйрық болмаған,
Көтерілген қалпында қалып қойған тас мәңгі...
Қағбаның базары, міне, содан басталды.
Күнәкарлар келгенде – бар күнә мен бар айып
тасқа көшіп,
тас содан кетеді екен қарайып.
Жұртты алдаған талайлар көкбеттігін мектеп қып,
Қашан да бар күнәсін өзгеге артар көкбеттік.
Шұбырады, деседі көп желмая, көп кеме –
Жығылады, деседі, күнәкарлар Меккеге.
Сенім!
Ғасырлар бойы сендірумен жұртты көп
Сол қара тас, айтады ел, көп рухты құртты деп.
Құдай емес сол көпті қуалаған Меккеге,
күдік, күмән айдаған қос бүйірден түрткілеп:
Ұнамаса әлдене «іші қуыс пендеге»
Күнә болып көрінген ағаттықтар әлдене.
Фудзияма тауындай жапондардың,
тас бейне,
тәубе таныр жер болған қарақшыға, қаскөйге.
Қиянатшыл қараулар «арылдық» деп күнәдан,
Хажы атанып, қайтып кеп қылмысымен де ұнаған.
Зорлық екен сорлыға – Қағба бар, қазы деп,
Қара тасқа иек артқан қатайғанда Хазірет.
Қамшылардың, астында тілдірсе көп жон таспа –
Көңілін басса байғұстың – қарғыс айтам сол тасқа!
Ал шын адал адамдар әлектенсе – шын әлек:
Сұлуларға қарауды ұғып қалып күнә деп,
«Күнә арқалап» фәниден барған шақта тарығып,
Қайтқаны үшін солар шын қайғысынан арылып
алғыс айтам ол тасқа,
ар, ұятты куә ғып,
тасты көрсе түсінде ел – тұрады екен қуанып.
Қара тасқа мың алғыс!
Тым құрыса түсінде
адамдарды күнәдан арылтқаны үшін де.
Иман емес, иланым,
Жаңа атты ғой мына таң
ештеңеге, ешкімге сенбейтіндерден гөрі,
Әйтеуір, бір сезімге сенгендерді ұнатам.
Қой, жоқ, жоққа сенбеймін – жоққа сенбек деп едім,
Сенімдерге емес мен,
Сенгендерге сенемін!
Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбардай паң емес,–
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өзіңді іздеп, тағдырым,
Өзіңді іздеп замандас.
Қасиетті Қағбама – әр жыл сайын аңсаған –
Хажы барған қарттардай соғып жүрем мен соған.
Менің Меккем – Қошалақ, ескі Мекен, сары жұрт,
Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып.
Қатысым сәл сиресе – жүрек тулар, жанып іш,
Жандырады ішіңді сары жалын сағыныш.
Түрлі қабақ көбейіп,
бұлт алса Алатау түрлі,
Қошалаққа бір барып басып қайтам мауқымды.
Мен барғанда алыстан қуанамын, сонда аса
Көлеңке етер сол дөңде дөңгелек бұлт болмаса:
Қараяды, десетін Мекке тасы тұл-адал
адам арқалаған көп ауыр-ауыр күнәдан.
Менің күнәм бірақ та – болса менде күнә, рас, –
туған жердің бетіне көлеңке боп құламас.
Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан жарылам,
жарылғандар, әдетте, жарылады ағынан.
Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар жағынан,
ең тұрлаулы махаббат,
Сені, сені сағынам,
Қошалағым, о, менің қасиетті Қағбам!
1983 жыл
Мәжнүн тал
Шыбығыңнан, білуші ем, шыбығыңнан
бір бұтаң жоқ сынған, не сыдырылған –
Саған сонша не болды,
ұғына алман:
жылағандар бір ауық жұбанады,
ал, сен болсаң келесің жылап әлі.
Мен қорланам,
сен өзің қорынбасаң
қорлық осы, Мәжнүн тал,
сорың қашан
арылады?
Бұ сауал бекер бірақ:
жылап келген өмірге – кетер жылап,
Талға қара: тайраңдап жапырағы
тағы да бір би билеп жатыр, әне,
есуасқа жылау да, күлу де оңай:
емен қайтсін ымыртта ыңылдамай!
Тас қабаққа қарсы өскен емен кәрі ,
кәрі еменнің жағдайы сенен де әрі
биыл оның көктемі оралмады.
Көктем келді, ал, саған.
жаз келеді,
көктеу деген – шын бақыт, аз деме оны.
еңірейсің де тұрасың,
еңіреп кіл
шырқын бұздың айнала, төңіректің.
Сырыңды айтып жыласаң – жыла маған,
көңіліңді түсінем – кінәламан.
Тал-тал шашы жан-жаққа құлады, әне, ал…
бұтағының құлапты бір білегі.
Сыз-қойнаудың ескенде түнгі лебі
тағы егіліп жыласа – бүлдіреді.
...Жылап емес, мәжнүн тал
өз тағдырын
жырлап тұрғаны шығар?
Кім біледі!
1983
Тыныштық жыры
Сирек ақ бұлт тұрып қапты – тыныштық,
қалың ағаш тұнып қапты – тыныштық.
Қаламыңнан жыр ұшпайды – тыныштық,
көршілерің ұрыспайды – тыныштық,
ұйып-қалғып тыныш ауа тұр ыстық –
бетпе-бет кеп тыныштық пен тыныштық
әдеп сақтап тұрған сын-ды жасанды.
Маңай жым-жырт,
тыншығамыз қашанғы...
Шахматтың майданына кірістік.
1983
Айтылмаған сөз
Айтқым келді – айта алмадым – көсемсің деп
аспандағы жұлдызға,
айта алмадым – айтқым келді – әсемсің деп
ауылдағы бір қызға.
Тал, қайыңның жасыл шашы тарқатыла кеткенде
айтқым келді – айта алмадым – ғажапсың деп
көктемге.
Пікірімді іркіп қалған жасық кездер көп менде:
сондықтан да мезгіл мені қабылдаулар бөлмесінде
мөлитті,
кекілімді өсек-ғайбат жалынына
жел үйтті.
Сезінбей ме көрген күнін, әлде ерлік қып
жүр шыдап?
Қалай болған күнде де бұл ез деген сөз
былжырақ!
Айтқым келді, айтқым келді – былай қойшы
басқасын,
айта алмадым, айта алмадым асылсың деп
тасқа асыл –
дәл осында жатыр дейді ел маңдайыңның
қалың соры – қасқасы.
Айтар ем ғой Жұлдызға мен бағамды,
сене ме оған шын жұлдыз!
Айтар ем ғой сол қызға да – сене ме
көпті көрген құрғыр қыз!
Өтірікке келгенде біз кереметтей мылжыңбыз,
тым құрыса, мезгіл, бізді дәл сол үшін қынжылғыз!
Айтылмаған сөздер үшін алайықшы бір-бір жүз!
Бұл да өзінше бір сылтау ғой, нағашы!
Жақсының да, жаманның да бағасы –
тілден ұшқан сөзде емес,
Сөзге айналмай қалған ойда-ау, шамасы?!
1983
Марқұм Марат Отаралиевпен отырған бір күнді еске алу
Тәлтіректеп бұта жүр жел өтінде –
әлдебіреу ұқсайды келетінге:
беттің арын түймей-ақ белдігіне,
тәлтіректеп бір досым келді, міне.
Дос келгені жөн болды желді күні.
Мен де желдеп отыр ем, дұрыс болды,
ащы қияр, жуа, тұз, бұрыш келді.
Аға үйіне еркелеп келді ме іні,
жуып-жуып алайық енді мұны –
Алматының көп емес желді күні.
Сыңғыр қағып ыдыстар түйіседі,
түйісуге көптен бір тиіс еді.
Талай күннен тұлдыр боп жұмыс пен ой,
домбырам да үн қатпай күміс-көмей,
түк істемей отыр ем, түк істемей –
жақсы келдің, япырай, рас-рас,
алып отыр, болмасын рәсуа ас.
Менің үйім – өз үйің, именбеші,
өз үйіңнен де асады үйренгесін,
Алматының желіндей сирек досым.
Жасандылық жоқ ниет, не бетіңде,
бетті адам да қалмады ем етуге.
Жалғыз сенсің ішіп ап біздің үйге
тәлтіректеп желді күн келетін де.
Екеуіміз де жүрміз ғой жел өтінде,
жіберейік тағы бір тартып ептеп,
ойлама осы...
жалғыз-ақ жарты деп тек.
Кірмей бүгін дос деген жұрт аулама,
маған жетпей отыр ед сылтау ғана,
ішудің де бүгінде шарты көп пе –
орындалды бір шарты,
тартып ептеп
жіберейік,
ұялма!..
Бұталар да
тұр ғой, әне, ұялмай тәлтіректеп?!
1983
Наз
Пенделерге сырт қарап былайғы ұсақ,
біреу болдың бір өзің Құдай құсап.
Айға ұстатып жіберді жұрт та сені –
жамбасыңа көрпе емес, бұлт төседі,
билік бітсе – Құдай да қырт деседі,
бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы есебі.
Барыңды алып қашатын, барымтаның
заманы емес,
ес, есір,
қағын, қағын!
Бір жөткірсең – тойды бір қарын тағы,
бір жымисаң – Жынды да жарылқадың.
Жәдігөйден басқаның жанбай бағы,
тамырында талайдың қан қайнады.
Көгерттің-ау,
әлі де көгертесің,
көк есекті тек анау неге ертесің?
Көк есектің басына сен ең тесіп
құйып қойған көк бұлттың көлеңкесін.
Көлеңке де жетпесе – жоқ амалы:
Талғар шыңы жалаң бас келеді, әне.
Таудың таңғы ақ шарбы орамалы
басында емес,
мойнына оралады.
Адам болсаң – адамды жай адамша ұқ,
көнбіс болсақ – кетті деп анық тойып,
тұяғына есектің салып қойып,
аспан жақтан қарама аяғансып.
Пәндең – емен,
қартайса құлайды емен,
мен қартайсам – Құдайсыз, былай да өлем.
Бұққан сайын бұрайсың бұттан алып –
мұнша ұялшақ болар ма Құдай деген!
Жұбатпа, дос,
жүргем жоқ мен еңіреп,
қартайдым тек түбі сен береді деп.
Бір періштем бар еді:
қайда, қайда,
о да қуып кетті ме пайда-майда?!
Әйел құсап өкпе айту – жұмысы ердің,
осы да ерлік;
тек алда білісер күн.
Сені де аяп арқаңнан қағармын бір,
сенімен де, құдірет, бір ішермін!
1983
Терезе
Алатауға қарайды бір терезем.
Қ. Мырзалиев
Жалын шайнап жатыр, әне, әр өзен.
«Есік көлге қараған бір терезем» –
кім екені есімде жоқ,
бір ақын
осындай жыр жазып еді,
сұрапыл
қуатты сөз күтіп едім мен одан,
ашылады-ау деп ем бір көз жаңадан,
Есік көлден бастау алса дана адам
басталады-ау деп ем бір сөз жаңадан:
ештеңе де басталмады,
болмады,
жылға қуған жасық судай ол-дағы
тұнығы да толқыны жоқ боп алды,
ақырында құмға сіңіп жоғалды.
Көк өзен жоқ,
арықтың да суы ылай,
ылай судың, уай, қуын-ай, қуын-ай:
жан қинамай жай ағады –
күн ысты,
қауіпті ғой тым жиі алу тынысты.
Ақын бірақ бітірді үлкен бір істі –
атақ алды.
Енді алуға кірісті
тұрмыстың тек қулықтарын жымысқы.
Кейде осылай:
тасымайды өр өзен,
«Есік көлге» қараса да терезең!
1983
Талант
Зергерлері көне Грецияның
дірілі жоқ қолдарымен салқын қан,
ақшаларды құйып-жасап алтыннан
талант деген ат беріпті;
сол алтын
артық бағаланған сынды маған тым.
Талант, менше, алтыннан
болу керек сирегірек,
құндырақ,
әттең, кейде алтын да емес бұл бірақ:
алтын құны ауық-ауық өседі,
талант құны ауық-ауық құлдырап.
Алтын – алтын,
саспа, аға,
балама боп жарытпайды басқаға.
Алтын жүзі –
айнымалы мінезі бар екі жүз:
көрген жерде бетіне
бір түкіріп кетіңіз!
Алтынға емес,
кеше сағат екіде
бір халтурщик түкірді
бір таланттың бетіне.
Бар салмағын Уақытқа жүктеген,
Олжас жазды мынадай бір мықты өлең.
Мықтылығы – шыншылырақ,
мұңдырақ,
мұңнан гөрі биігірек бұл бірақ:
ақын жайған кепкіге
ілтифат қып әлдекім –
бірер талант алтын түскен сыңғырап.
Алтын емес,
кеткен сынды су құлап
жыр көктеді жапырағы судырап.
Ақын шықты осылайша,
әр сөзі
алтыннан да булырақ!
Мен де жайғам қазақтың
ескі, баулы тұмағын,
бір сыңғырды менің де
шалып еді құлағым...
1983
Менің биігім
Жел, жел, деп ем, байқап-байқап тербеші:
жаңа шыбық ектім, деп ем, жерге осы –
көрді ме екен бұ жердің бір пендесі.
Жан көрмеген шыңыраудан су алып,
өсіріп ем сол шыбықты суарып.
Шыбық еді ол,
ағаш болды қартайып.
Әжім түсіп,
әр тайып,
Сенің балғын жүзің де
бара жатыр қуарып.
Уақыт маған куә анық:
бәрін бастау керек деп ем жаңадан –
әттең, шама жоқ оған.
Дер кезінде бастамаппын көп істі,
бастағанды мықты бітіре алмаппын.
Тәттісін-ай дәнінің,
қабығының қаттысын-ай жаңғақтың!
Бітпеген іс,
ақталмаған дәмелердің күйігі,
міне, міне:
менің шыққан биігім!
1983
Ажал
Көнбе, өкін, –
қақтап пісір өзіңді-өзің, жездей соқ,
бәрібір сол кездейсоқ жай – кездейсоқ,
неғыламыз босқа мыжып болжалды:
емдетем деп түскен екен тұмауды
отыз екі-ақ жыл жасаған бір ауру
екі мәрте инфарктен қалған-ды,
ақырында соқырішектен өлді әлгі.
Түсті үстінен кездейсоқ бір қара әйел,
қасіреттен долданды.
Кездейсоқ бір тамырларда тасты қан:
кездейсоқ бір ерлік шығар
бәлкім адам ғұмыры,
тасты жарып өскен шөптей бір ұры?
Жігіттің тек шошаяды мұрыны
бетін жапқан ақ матаның астынан.
Бір кездері қатысыпты ол күреске,
кездейсоқ бір кісілер кеп танып тұр.
Міне, тағы бір адамды даңқты
кездейсоқ бір жігіттер
моргтен ап шегеледі табыт қып.
Сапырлысып болып жүр жұрт әбігер!
Жағасынан тартқанда ажал сүйрелей –
Өңірінен үзілген ақ түймедей,
бас жағында төсектің
дөңгелейді ішілмеген дәрілер...
1983
Жартылай ақ, жартылай қара өлең
Бөрік кие алмаушы едім –
шаштың қалыңдығынан:
Қара шыңым – оған да, әне, әне, қар түсіп,
кетті ағарып жел жақтағы жартысы.
Қара еменше қарсы тұрар жоқ шамам,
Жә, дегенмен мен емеспін шөп-шалам,
Үйіріліп көргенім жоқ ық жаққа.
Қарсы сипап жолбарысты түгіне,
азу күшін айналдырдым қыл жаққа,
тырнақ күшін айналдырдым қылжаққа,
күшік тенеу құйрық бұлғап бір жақта,
қабылан-бояу қағынады бір жақта.
Едірейген әрбір түктің ығына
нем қалады берсем егер жығыла?!
Өшігетін болсаң түбі кешірме,
суыйтұғын болсаң түбі жылыма!
Бір адамдай айта алам-ау сөзді мен,
кейде от жатты әр сөзімде шарпысып.
Бірақ соның қақ жартысы – ақ өлең,
қара өлең – қақ жартысы.
Көзбен көрген шындық та
жалған десең ойдан шыққанның бәрі:
Сөздерімнің адал шындық – жартысы,
қалған жартысы – ойдан шыққан – өтірік!
Пародистер,
мәз болмай-ақ қой бұған,
қаламыңның мұрынын сүрт әуелі:
жанып туса өтірік те,
кез келген
шындығыңнан шыншыл әрі әдемі!
Жұртым менің! Өлең сүйгіш, сөзуар,
сөз жайлы әлі...
келеді әлі тартысып:
түк ұқпайды жартысы,
шала ұғады жартысы.
Жал бітіпті жартысына солардың,
жартысына бітті бел:
ылғи жарты қайран менің оқушым,
оқымауға келген шақта – бүп-бүтін,
түсінбеуге келген шақта түп-түгел.
1983
Аты жоқ өлең
Көмір қаздың,
күй шерттің талай-талай –
не еліктей алмадың, не қайталай,
даралығы да емес-ау бұл тұлғаңның,
қырсығы емес өзіңше ұмтылғанның,
бір жұмбақ бар, мен үшін, елес мүлде –
түсінбейді сондықтан сені ешкім де!
Алашадан –
атадан қозғағанда
тумысың да жат емес өзге адамға,
бірақ сені өзімсіп ешкім,
ешкім
сөйлегенін мен ғұмыры естімеспін!
Себебі, сен бір түрлі,
бір түрлісің,
жүрегің – тас,
секілді сыртың – мүсін.
Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда
жағымпазға,
жалқауға,
суайттарға.
Сөзім бардай тіл-ұшы таңдайымда,
ойламайын десем де сен жайында –
қиялымды келбетің түртіп тұрар,
сиқырың бар бір түрлі ынтықтырар.
Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін,
жұрт секілді,
сен де іштің – өрепкідің.
Сезем, сен де бізге ұсап күлмек болдың,
сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.
Әзіл айттың кейідің талай-талай,
бездің бізден,
еліктеп, не қайталай
алмадың сен ешкімді,
содан-дағы
бір ортақтық сенен де таба алмады.
Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып,
төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп.
Өзіміздің жігітсің,
он досының
ортасында отырған бөтен кісі!
Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі,
Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі!
Сен – уақыттың алдына түсіп кеткен
радио-сигнал секілдісің.
1983
Топтаманы дайындаған: Айбол Исламғали